Ішкі саясат мәселелері талқыланды
30 маусым күні мемлекеттік ішкі саясаттың жаңа мақсат-міндеттеріне орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің еліміздің қоғамдық және саяси өміріндегі маңызы мен орнын талқылауға арналған университеттің идеологиялық жетекшілерінің жиыны өтті.
Гуманитарлық факультеттің оқытушылары мен ғалымдары, студенттік сенат пен мәслихат, студенттік кәсіподақ, спорт клубы және басқа да студенттік ұйымдардың белсенділері Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жақында ғана Ақордада өткен кеңесте белгілеген ішкі саясаттың басты басымдықтары мен идеологиялық жұмыс мәселелерін талқылады. Елбасы өз сөзінде мемлекет ұлттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, оның бірлігін нығайтуға тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Ұлтаралық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімнің құндылықтары «халық бірлігі» ұғымына біріктірілуі керектігін жеткізген. Президент насихат пен идеологияның маңызды ролін бөле-жара көрсетіп, қазіргі заманда бұл үрдістерді жаңа әдіс-тәсілдермен басқарудың тиімділігін баса айтқан болатын.
Университеттің тіл және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Шәріпбек Әмірбеков ішкі саясаттағы негізгі құндылықтарды жаңартудың қажеттігі туралы айтты. Бұл қоғамның ынтымақтасу үрдісінің аяқталғандығын білдіретін идеялық жағынан толықтыру ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімдік дамуының жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын ашады. «Мемлекеттілікті нығайту» ұғымына жаңа өлшемдерді енгізу, «даму» ұғымын жалпыхалықтық құндылықтар қатарына қосу, еліміздің дамуының стратегиялық мақсаттары мен міндеттері аясында халықтардың бірігуі, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайту, т.б. ішкі саясаттың жаңа басымдықтары туралы мәселелер университет мәжілісінің негізгі өзегіне айналды.
Студенттік кәсіподақ төрағасы Ғалымжан Серім ЖОО мен еліміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген студенттердің атынан сөйлеген сөзінде студенттер арасында идеологиялық насихаттың ауадай қажеттігін жеткізді. Жаңа идеология мен идеялық жетекшілер жастардың бойында отансүйгіштік сезімді арттырып, ел ертеңіне деген жауапкершілігін қалыптастырады деген ойларын ортаға салды. Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының аға оқытушысы Маржан Рахимова халықтар бірлігін дамытудағы басым бағыттарды қолдай отырып, өз қатарластары арасында салауатты өмір салтын белсенді насихаттаудың қажеттілігін атап көрсетті.
Елбасының ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіру, тұрақтылық әлеуетін нығайту және қазақстандық қоғамды топтастыру жөніндегі тапсырмаларын орындай отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың идеологиялық мәжілісі университеттің жаңа ішкі саясатының тұжырымдамасын жасауды бірауыздан қолдады. Университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов университет белсенділерінің жиынын қорытындылай отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының көшбасшысы ретінде еліміздің ЖОО-ларын дамудың ұлттық стратегиясының аясында біріктіруі керектігін айтты. Бұл идеологиялық мақсатты жүзеге асырудың мүмкіндігі жетекші гуманитарлық кафедралар мен гуманитарлық ғылымдардың үздік профессорлары шоғырланған ортада жоғары.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (247-05-67)