Халықаралық музей күні

18 мамыр, 2010

18 мамырда әлемнің барша музей қызметкерлері өздерінің кәсіпқой мерекесін атап өтеді.

Халықаралық музей күні болып 1977 жылы ICOM (International Council of Museums) – Халықаралық музей Кеңесінің кезекті отырысында атаулы күн ретінде қабылданды. Бүгінгі таңда Халықаралық музей күнін әлемнің барлық музейлері тойлайды, бұл күн әлемнің 150-ден астам елінде ресми мереке ретінде атап өтіледі.

ICOM президенті Жак Перо музей турасында былай дейді: «Музей – мәдени алмасу, мәдениеттерді байыту мен әлемдегі барлық халықтарды әріптестікке, өзара түсініспеншілікке әкелетін құрал. Музей мен қоғам инновация мен шығармашылық рухта өзара бірлесіп жұмыс жасауы қажет»

18.05.10 күні сағат 15.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Музейінде Халықаралық музей күніне арналған «Музей әлемі» атты мерекелік іс-шара өткізіледі. Бұл шара музей қызметкерлері мен тарих факультетінің оқытушылары, студентерімен бірлесе отырып ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама тарих факультетінің 3-курс музейтанушы-студентерінің күшімен дайындалды. Студенттер «Әлемнің айрықша музейлері», «Менің қиялымдағы музей» тақырыптарына көріністер дайындап, өлең мен құттықтаулар оқып, викторина, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде концерттік бағдарламалар орындайды.

Бұл күні музей директоры Т.Л. Тәжібаева мен экскурсовод А.Ж. Жабықпаева музей туралы, оның бай экспозициясы, ғылыми мектептер мен атақты ғалымдардың мұралары жайында, атақты түлектер мен университет дамуы, «Интеллектуалды ұлт - 2020» жобасы туралы кеңінен әңгімелеп береді.

Сіздерді мерекелік іс-шараға қатысуға шақырамыз, келем деушілердің барлығына есігіміз айқара ашық!