Еуропарламент депутаты ҚазҰУ-ға келіп қайтты
29 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Еуропарламент депутаты Альфред Рубикс болып қайтты. Аталмыш кездесу жақында Астанада өткен «Қазақстан Республикасы – Еуропа одағы» атты Парламент әріптестігі комитетінің ІХ отырысы аясында өтті.
Еуропарламент депутаты мен Қазақстаннның жетекші университетінің алғашқы таныстығы ҚазҰУ Мұражайынан басталды. Экскурсия аясында қонаққа талай жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан қарашаңырақтың тарихи деректері көрсетіліп, болашақтағы даму жолдары талқыланды.
Альфред Рубикс экскурсияның арқасында университеттің қазіргі жағдайымен жан-жақты танысқандығын мәлімдеді. Университеттің жетістігіне арналған көрмеде ҚазҰУ-дың белгілі ғалымдарының жұмысымен танысты, соның ішінде кіші-гірім СЭС, жел энергетикалық қондырғысы, отандық дәрі-дәрмек, заманауи нанотехнологиялар және т.б.
Еуроодақтан келген қонағымыз ҚазҰУ ғалымдарының еңбегін жоғары бағалады.
- Университеттің жұмысымен жақсы таныспын. Кеңес үкіметі кезіндегі елдер мен Еуропада көптеген жоғары оқу ордаларға барып қайттым. Сол көргендерімнің ішінде ҚазҰУ расында да ауқымдылығымен таң қалдырды. Студенттердің білім алып, ғылыммен айналысуына барлық жағдайлар жасалған. ММУ-ден басқа елдердің жоғары оқу ордаларында мұндайды байқамаппын. Мәселен, ҚазҰУ-да күн сайын жас ғалымдардың ашқан жаңалықтары факультет көрмелеріне қойылады. Бұл студент қауымы үшін аса пайдалы, себебі мұндай мүмкіндіктер жаңа арналарды тануға жол ашады.
Сондай-ақ, Альфред Рубикс университеттің ғылыми инфраструктурасына аса мән бөлді. Университет құрамында ғылыми орталықтардың барына ризашылығын білдірді, себебі, қонақтың пайымдауынша, ғылыми салаға қызығатын студенттер мен ғылыми орталықтар арасындағы байланыс үзілмеуі тиіс. Бұл ғылыми мамандардың біліктілігін арттырады. Білім мен ғылым салаларының бірлесе дамуы тек көшбасшы мемлекеттерге ғана тән дейді депутат. Университеттің материалдық және техникалық базасын, ғылыми потенциалы мен болашағын мақтады.
Мұражайдан кейін қонақты университет қалашығына серуендеуге шақырды. Қалашықтың кеңдігі мен сұлулығына тамсанған қонағымыз Іле Алатауының бөктері мен тау самалын тамашалаған болатын.
ҚазҰУ-дан естелік ретінде қонаққа ұлттық белгісі бар сувенирлер мен универсиеттің тұсаукесер кітаптары сыйға берілді. Альфред Рубикспен бірге ҚазҰУ-ға ЕО және НАТО жанындағы тапсырмасының бастығы Ерік Үтембаев та қонақтап қайтты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі