«春节 – Көктем мерекесі» атты іс-шара

1 сәуір, 2018

Шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасы студенттерінің қатысуымен Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінде өткен «春节 – Көктем мерекесі» атты іс-шара

15.01-2018 – 12.02.2018 «5B020900- Шығыстану» мамандығы 4-курс орыс тобының cтуденттері Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінде педагогикалық практикадан өтті.
Педагогикалық тәжірибенің мақсаты - студенттерді педагогтық, оқытушылық қырынан тәрбиелеу; Біздің студенттер осы практика барысында өздеріне қажетті біліктілікті қалыптастырып, болашаққа керекті тәжірибелер жинады деп айтуға болады.
Студенттер колледж қабырғасына кірген күннен бастап, Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі басшылығы, соның ішінде, колледж директоры Т. Мамырұлы, директордың халықаралық істер жөніндегі орынбасары Әнуарқызы Сауле оларды ерекше ықыласпен қарсы алып, колледж тәртібімен, өздерінің практиканттарға қоятын талаптарымен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар қытай тілі оқытушыларының практиканттарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, қолдау көрсетуін де тапсырды.
Бұл тәжірибе практиканттардың тек сабақ беру машығын ғана қалыптастырмайды, сонымен қатар олардың топпен жұмыс істеу, ұйымдастырушылық қабылетін шыңдауға баулиды. Оған дәлел ретінде тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің өткізген ашық тәрбие сағатын айтуға болады. Қытайдың жаңа жылы «春节» мерекесімен тұспа– тұс келгендіктен, өзге ЖОО практиканттарымен бірлесе отырып, практика жетекшісі Қ.Дәлелқызының басшылығымен мерекелік кеш өте жоғары деңгейде өтті. «Үш аю», «Қызыл телпек» сияқты ертегілерді сахналаған студенттер, топтық және жеке дауыста қытай тілінде әндер шырқалып, желпуішпен, қытайдың ұлттық билерін билеп, жақсы көңіл күй сыйлады. Осының бәрі колледжде педагогикалық тәжірибеден өтіп жатқан практикант- студенттердің еңбегінің жемісі деуге болады. Оған дәлелі барлық топ студенттерінің әр қойылымнан кейін осы концерттік номерді дайындауға көмектескен практикант-жетекшілеріне сахнада тұрып алғыстарын білдіріп, естелікке жеке- жеке суретке түсуі болды.
Мерекелік кештен кейін практиканттардың жұмысын жоғары бағалаған Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Әнуарқызы Сауле, практикант студенттерге және әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасы ұжымына алғысын және екі оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына тілектестігін білдірді.
Біз де өз тарапамыздан Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің жұмысына шығармашылық табыс, өсіп-өркендеуіне тілектестігімізді білдірдік.