«Қазақ ақпарат агенттігі (Қазақпарат)» Ұлттық компаниясы

5 тамыз, 2010

АЛМАТЫ. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылы ҚазҰУ-діңгрант бөлімінде оқуға талап білдіргенқұжат тапсырушылардың саны өткен жылдағыдан анағұрлым артып, 5277 адамға жетті.

Бұл жайында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мемлекеттік кабылдау комиссиясының төрағасы Зулфұхар Ғайыпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, биыл университеттің механика-математика, физика, биология, химия, экономика факультеттеріне қызығушылық танытып, құжат тапсырғандардың саны өте көп. «Осы оқу жылында университетіміз радиотехнология-телекоммуникация бөлімі бойынша бірінші рет білім бергелі отыр. Оған мемлекет тарапынан 450 грант бөлінген және осы мамандықты игерем деушілердің қатарының көптігі бізді қуантып отыр», дейді З. Сұлтанұлы.

Сондай-ақ З. Ғайыпов биылғы құжат тапсырушы талапкерлердің жинаған балдары жылдағыдан жоғары екендігін, әрі республика бойынша 2500 алтын белгі иегерлерінің бестен бірі осы аталмыш оқу орнынан білім алуға тілек білдіргенін жеткізді.

«Сапалы біліммен қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттіктің қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақстандық 132 жоғары оқу орындары ішінде әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге төтеп беретін Қазақстандағы ең үздік университет деп танылып, 2010 жылғы рейтингтік көрсеткіш бойынша бірінші орынды иеленді», деп атап өтті өз сөзінде комиссия төрағасы.

Өткен жылы аталмыш университет 2586 мемлекеттік білім гранты иегерін оқуға қабылдап, қабылдау науқанының көшбасшысы болып танылған еді. Олардың басым көпшілігі - «Алтын белгі» иегерлері және ерекше үлгідегі аттестат пен халықаралық олимпиада жеңімпаздары.