|
Өткен жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2586 мемлекеттік білім гранты иегерін оқуға қабылдап, қабылдау науқанының көшбасшысы танылған болатын. Олардың басым көпшілігі - «Алтын белгі» иегерлері және ерекше үлгідегі аттестат пен халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Биылғы жылы да ҚазҰҰ қабылдау науқаны қортындысында өте сәтті көрсеткішке жетіп, былтырғы көшбасшылық беделін сақтап қалар деп үміттенуге болады. Еліміздегі ЖОО арасында бірінші болып ҚазҰУ Қазақстан үшін жоғары оқу орындарына сапалы студенттерді тарту концепциясын қолға алған болатын. Студенттік контигентті тарту үшін жаңа стратегия жасалынды. Осы бастама аясында осымен екінші кезек Қазақстанның 14 облысында ҚазҰУ-дың «әл-Фараби» пәндік олимпиадасы өтті. Бұл кезде арнайы жасақталған көшпелі комиссия университетке ең дарынды, ең қабілетті мектеп бітіруші түлектерді тарту үшін аянбай еңбек етті. Бір айта кетерлігі, осы жылдан бастап «әл-Фараби» олимпиадасы республикалық мәртебе иеленіп, олимпиада жеңімпаздарының табысы халықаралық беделді олимпиада жеңісімен теңелді.
Абитуриенттер таңдауына оң бағыт беру үшін әр факультетте кеңес орталығы ашылған. Сонымен қатар, декан сағаты, факультеттер тұсаукесері ұйымдастырылуда. Бұл шара барысында болашақ студенттер факультет декандарымен кездесіп, өздерін қызықтырған сан түрлі сауалдарына жауап алып, университет тынысымен толық таныса алады. Сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтың қызығы мен студенттерге жасалынған жағдайлар жайымен хабардар болып, ҚазҰУ-дың студенттік өмірімен танысады. Сонымен қатар, ҚазҰУ-ға құжат тапсырған қазұулық талапкерлер Алматыдағы үлкен интернет орталығы болып саналатын университеттің 300 заманауи компьютер техникаларымен, компьютер бағдарламаларымен жабдықталған интернет жастар ораталығында күніне 1 сағат интернет желісін өз қажетіне тегін пайдалана алады.
Бүгінде ҚазҰУ студенттері АҚШ, Еуропа, Жапония сияқты елдердің жоғары оқу орындары бағдарламалары негізінде жасалынған оқу жоспарымен және заманауи технологиялармен білім алуда. ЖОО жалпыұлттық рейтингтік көрсеткішінде үнемі бірінші келе жатқан ҚазҰУ «РЕЙТОР» агенттігінің рейтингісіне, сонымен қатар университеттердің беделін анықтайтын «Таймс» рейтингісіне еніп Қазақстанның бірінші университетіне айналды.
Университет оқытушыларының сүбелі еңбектерінің нәтижесінде бірнеше ұрпақ білім алып, қазақстандық элита тобын құрайтын мемлекеттік қайраткерлер, саясаткерлер, ғалымдар мен жоғары кәсіби мамандар дайындалды. Олар бүгінде әр салада бәсекеге қабілетті қызмет етуде. Әлемнің 400 университетімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан ҚазҰУ шетелдік профессорларды жүйелі түрде дәріс оқуға шақырып тұрады.