«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

25 тамыз, 2010

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жақында ғана ашылған химия факультетінің жаңа зертханасының тұсауы кесілді. Зертхананы ашқан университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов қарашаңырақ ұстаздары мен студенттерін осы бір мерейлі іс-шарамен құттықтады.

-Биыл талапкерлерді қабылдау науқанында ҚазҰУ 3200 мемлекеттік білім грантын иеленіп, қазақстандық жоғары оқу орындары арасында рекордтық нәтиже көрсетті. Ал химия факультеті оқуға 405 білімгерді мемлекеттік білім гранты негізінде қабылдады. Оның 36-сы «Алтын белгі» иегері. Бір айтарлығы, бұл факультет кейбір мамандықтар бойынша жалпы мемлекеттік тапсырыстың  50 пайызына ие. Еліміздің жетекші университетінің ендігі бағындырмақ белесі -  қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бірінші болып әлемдік үздік рейтингке ену, - деп атап өтті ректор тұсаукесер салтанатында.

ҚазҰУ-дың химия факультеті 2010 жылы «ҚазҰУ-дың Үздік факультеті» байқауында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, нанотехнология саласы бойынша бүгінге дейін өткізілген 14 республикалық байқаудың 7-нде ҚазҰУ-дың химик-ғалымдары жеңіске жеткен. Ендігі оқуды факультет студенттері соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған жаңа оқу ғимаратында жалғастырмақ.

Нұрболат Аманжол