«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы
АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына 15 жыл: теория мен тәжірибенің мәселелері» атты тақырыпта алқалы жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында еліміздің жетекші заңгерлері мен саясаткерлері Конституция Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің кепілі, Конституцияны жетілдіру мәселелері, Еңбек теориясы мен тәжірибесі туралы конституциялық қалып, Адам құқығы мен бостандығын конституциялық тұрғыдан қамтамасыз ету және тағы басқа тақырыптар бойынша пікір алмасып, талқылады.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының акдемигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың айтуынша, Қазақстан Ата заңының 15 жылдығы - бұл үлкен тарихи оқиға. «Бұл жерде Елбасының рөлінің маңыздылығын атап өткім келеді, өйткені 15 жыл бұрын халықаралық кеңістіктегі Қазақстан жайлы ешкім айтпаған. Сондықтан тап бүгінгі деңгейге елді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шығарды деп санаймын», дейді С.Сартаев.
Академик Ата заңымыздың бірегейлігін айта келе тіл жайындағы заңның қабылдану маңыздылығына тоқталып өтті. «Тіл туралы заңды қабылдау кезінде қазақ тілімен қоса орыс тілін де мемлекеттік тіл ретінде қабылдайық деген ұсыныстар түсіп жатқан. Сол тұста Елбасы көрегендік танытып, мемлекеттік тіл қазақ тілі болатындығын мойындатып, қазақ тілінің одан әрі өркендеуіне жол ашқан еді», деп атап өтті.