Үздік университет ректоры “элиталы гвардияға” дәріс оқыды
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім күні ректор, академик Бақытжан Жұмағұловтың “Университет әлемдік инновациялық үдерісте” атты бас дәрісімен басталды. Студенттер сарайына жиналған 2 мың тыңдарманға қазақстандық жоғары оқу орындары жетекші университетінің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов дәріс оқыды. Бас дәрісті бакалавр, магистрант, PhD докторлары мен оқытушы-профессорлар құрамы, 750-ден астам «Алтын белгі» иегері, 150-ден астам халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары, 1000-ға жуық мемлекеттік және 90 ректорлық грант иегері тыңдады.
Ректордың айтуынша, университетке биыл қабылданған студенттер мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар шыққандар. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жылы университетке қабылданған студенттердің басымы “Алтын белгі” және республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарынан құралған. Осы орайда Бақытжан Тұрсынұлы бірінші курс студенттерін “элиталы гвардия” деп атады. Енді ғана ҚазҰУ студенті атанып, зор мақтанышқа ие болған жастардың студенттік алғашқы оқу жылын өзінің дәрісімен бастаған ректор: “ҚазҰУ студенттері білім туын шайқалтпай биік көтеріп келеді. Біздің студенттер бәсекеге төтеп берер жастар. Құрметті элиталы гвардия, сіздерге білім кеңістігінде сәт сапар тілеймін. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей – ҚазҰУ түлектері қазақстандық элита тобын қалыптастырушы инттеллигент өкілдері. Ендеше алдыңғы буын жолын жалғап, зиялы қауымды қалыптастыратын буын сіздер боласыздар. Қазақстанды 2030-ға жеткізетін, сол дамыған қоғамды бәсекеге қабілетті ететін де сіздер”, - деп жастарға Мағжанша сенім артты.
Сонымен бірге оқу жылының алғашқы күнінде қарашаңырақтың әр факультетінде қоғам қайраткерлері дәріс оқыды. Олардың қатарында “Экомед” медицина орталығының директоры Салтанат Байқошқарова, Қазақстан география институтының институтының директоры Ахметқали Медеуов, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Карл Байпақов, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Айқымбеков, “Айқын” газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп, Алматы қаласы қаржы полициясы департаментінің басшысы Мақсат Дүйсенов, “Қазақстан Халық банкі” басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова, KASE Биржалық кеңесінің төрайымы Айгүл Тасболат, Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден тағы басқалары бар.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі