Огайо университетінің профессоры Дэвид Моулд жас журналистерге дәріс оқиды

6 қыркүйек, 2010

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 6-10 қыркүйек аралығында Огайо университетінің профессоры Дэвид Моулдтың басшылығымен жас оқытушыларға, магистранттар мен PhD докторанттарға, аудандық журналистерге арналған «Ақпарат жинау, репортаж дайындау және мақала жазу» тақырыбында дәріс өтеді. Дэвид Моулд – журналистерге арналған UNESCO-ның «Журналистика бойынша оқу бағдарламасының моделі» атты оқу құралын құрастырушылардың бірі.

Қатысушылар университеттік оқу жоспарларын дұрыс құру және нәтиженің жемісті болуы үшін тиімді амалдарды қолдану тәсілдерімен танысатын болады. Сондай-ақ өзекті сұрақтардың жауабын таба алады: мәселен, ақпарат жинауда және зерттеу жүргізуде журналист неге дағдылану керек? Журналистік білім беруде кімдер атсалысады? БАҚ-тан не күтеміз?

Қатысушыларға жеке дара және топ бойынша тапсырмалар беріліп, тәжірибе жүзінде көз жеткізуге, әрі әр қайсының өз бетінше дәріс жүргізудің жобаларын құрастыруға мүмкіндік берілетін болады. Дәріс аяқталғаннан кейін Facebook желісінде ақпарат көзі мен тәжірибе алмасу үшін Қазақстан оқытушыларынан арнайы топ құралады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі