«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы
Әл-Фараби атындағы университетте белгілі жазушы-журналист С. Әбдірайымұлы атындағы оқу залы ашылды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қыркүйектің 25-де әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінде мәдениет қайраткері, дарынды жазушы-журналист, аудармашы Серік Әбдірайымұлы атындағы оқу залы салтанатты түрде ашылды.
Аталмыш шараны журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраева құттықтау сөзімен ашып, осы күнге дейін журналистика факультетінде Т. Амандосов, Қ. Бекхожин, Т. Қожакеев және М. Барманқұловтардың атына аудитория берілгендігін айтып өтті. "Бүгін қоғам қайраткері, Д.Қонаевтың өмірін зерттеуге үлкен үлес қосқан зерттеуші Серік Әбдірайымұлы атындағы оқу залы ашылды. Осы орайда болашақ жастарда аға жолымен жүрер деген ниетпен үздік студенттерімізге арнайы шәкіртақы тағайындалып отыр және олар біздің сенімімізді ақтайды деп білеміз», дейді декан.
Ал Астанадан арнайы келген Мырзатай Жолдасбеков С. Әбдірайымұлының атқарған ерен еңбектеріне тоқталып, парасатты адам болғандығын жеткізді. «Осындай оқу залын ашып отырған, басымызды иіп кіретұғын қарашаңыраққа алғысым шексіз. Серік, Ақселеу екеуі егіздің сыңарындай еді. Әрқайсысы сайдың тасындай, арқардың құлжасындай азамат еді. «Өтті дәурен осылай» атты Д.Қонаев туралы кітаптың дүниеге келуі де С.Әбдірайымұлының жемісті еңбегінің бірі», дейді М. Жолдасбеков.
Журналистика факультетінің оқытушысы Абдул-Хамит Мархабаев Серік Әбдірайымұлы сабаққа кешікпей, қайта ерте келіп, балалармен араласып, аудиторияның көңіл күйімен танысатындығын айтып еске алады. "Қаламгер қолына қалам ұстағаннан кейін өз объектісін таңдап, сол объектісіне жетуге талпынатын. Сонымен қатар мәдениет пен ғылымдағы жандар жөнінде әдемі жазған адам еді», дейді ол.
Серік Әбдірайымұлы «Санат» баспасының басшысы болған, ғылымның 32 тарауы бойынша 450-дей еңбекті жарыққа шығарған. Сондай-ақ аталмыш университетте 36 жыл сабақ берген.
50 мың теңге көлеміндегі С.Әбдірайымұлы атындағы шәкіртақы «Баспа ісі және БАҚ дизайны» мамандығының 1-курс магистранты Әйгерім Дәуірбаеваға тапсырылса, 3-курс студенті Олжас Байжанға, 4-курс студенті Шапағат Қаратаеваға және журналистика мамандығының 4-курс студенті Мирас Ниятовқа 30 мың теңге көлеміндегі шәкіртақы тапсырылды.
Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы сынды танымал адамдар келді.