7-қысқы Азия ойындарында ұлттық құндылықтарымыз барынша насихатталмақ

12 қазан, 2010

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің гоеграфия факультетінде 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарына дайындық барысы талқыланды. Оған «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Кәрімұлы Каримуллин, 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарының Алматы қаласы дирекциясының директоры Сұлтанмахмұт Ноғайұлы Шоқбытов, Бостандық ауданы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Әділ Жаппарұлы Төлегенов, әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесов, әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі Анатолий Иванович Орешенко және университет студенттері қатысты.

Кездесу барысында Амангелді Кәрімұлы еліміз қысқы Азия ойындарына дайын екендігін айтты. Сондай-ақ, Шымбұлақ, Медеу, Трамплин сияқты спорт кешендерінің толығымен жөндеуден өткендігін, алыс-жақын елдерден келетін мейманжарға арналып қонақ үйлер дайындалып жатқандығын жеткізді.

Сонымен бірге шет тілдерін жетік білетін, Азия ойындары барысында шетелдік қонақтарға насихат жұмыстарын еркін жүргізе алатын жастарды ерікті түрде қызмет көрсетуге шақырды. Одан кейін өкілдер география факультеті студенттері тарапынан қысқы ойындар дайындығына байланысты қойылған сұрақтарға жауап қатты.

Әлемге спорттық бәсекемізді паш ететін жауапты кезең жайында 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарының Алматы қаласы дирекциясының директоры Сұлтанмахмұт Ноғайұлы Шоқбытов: «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарына дайындық жұмыстары жоғары деңгейді жүргізілуде. Оған қаламызда өткізіліп жатқан вело шерулерді ерекше атап өтуге болады. Одан да басқа бірнеше мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жалпы бұл ойынға 1500 спортшы қатысады деп жоспарлап отырмыз. Оған 30-ға жуық ел қонақ болып келеді. Бұл уақытта біз ұлттық құндылықтарымызды барынша насихаттап, жария етуді назарда ұстаймыз. Осы кезекте «Қазақ ауылы» атты жоба, «Кино көрмелер» сияқты бір шама істер қолға алынып жатыр», - деп атап өтті. Кездесу барысында Бостандық ауданы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Әділ Жаппарұлы Төлегенов «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты қатарына қабылданған жастарға куәлік табыс етіп, осы уақытқа дейін қоғам өміріне белсене араласып жүрген партия белсенділерін бағалы сыйлықтармен марапаттады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі