Тәуелсіз елдің дипломаттарын даярлаған орда
Еліміздің халықаралық қатынастар саласындағы мамандарына әлемдік баға берілді. Мұхит асқан құттықтау хаттар мен ізгі лебіздер, тәуелсіз еліміздің сыртқы саясатына қолпаштау мен отандық ғалымдарымыздың біліктілігіне деген үздік бағалардың толастамаған сәтіне 29 қазанда ҚазҰУ қалашығындағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің 15 жылдығына арналған мерекелік кеш барысында куә болдық.
Мерейтойға ҚР СІМ, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері, АҚШ, Германия, Франция, ҚХР, Жапония және басқа да мемлекеттер елшілігінің өкілдері қатысты. Атап өтер болсақ, ҚР СІМ Төтенше және Өкілетті елшісі Әуезхан Мақтайұлы Қырбасов, АҚШ-тың Алматыдағы БАС консулы Майкл Сноуден, Қазақстандағы Польша Елшілігінің екінші хатшысы Михала Чаброс және Нью-Мексико университетінің профессоры Грегри Глиссен бастаған бірнеше шетелдік профессорлар әріптестерін қуаныштарымен құттықтай келіпті. Сондай-ақ, аталған өкілдерден бөлек тағы да АҚШ, Еуропа, Орта Азия елдерінен біршама құттықтау хаттар келіпті. Әлемнен келген үшбу хаттармен факультет профессоры Фатима Көкеева таныстырып өтті.
Еліміздің сыртқы-ішкі саясатына жетекші мамандар даярлап отырған факультет ұстаздарының еңбегі өлшеусіз. Осы орайда 15 жылдық мерекелерімен арнайы құттықтай келген университет басшылығы ұстаздар еңбегін ұлықтады. Академик, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов атынан құттықтау сөз алған университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов:
- 15 жыл ішінде халықаралық қатынастар факультеті 2500-ден аста түлекті қанаттандырып үлгерді. Бұл факультеттен даярланған жоғары қабілетті мамандар елді дүние жүзіне танытып жүр. Алдағы еңбектеріңізге де табыс тілеймін,- деп атап өтті. Одан кейін К.К.Қожахмет, Е.Қ.Байзақова, Г.С.Сүлейменова, Н.К.Шәкіров (декан), Ғ.К.Мақашева, С.Ж.Айдарбекова, Ә.М.Төлеген, Ф.Т.Көкеева, М.Ш.Гүбайдулина сияқты факультеттің профессор-ғалымдарын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары білікті ғылыми мамандарды дайындау ісіндегі ұзақ жылғы адал еңбегі, халықаралық қатынастар факультетіне шынайы берілген белсенді қызметі үшін ҚазҰУ ректоры Ғ.Қ.Мұтановтың «Алғыс хатымен» марапаттады.
Халықаралық қатынастар факультеті 1995 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өтініші негізінде құрылған болатын. Факультет халықаралық қатынас, халықаралық құқық, аймақтану, әлемдік экономика салалары бойынша жоғарғы білікті және бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды. Құрылған күннен бастап халықаралық қатынастар факультеті Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста. Қазақстандық дипломат Қ.К.Тоқаев факультеттің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Сонымен қатар еліміздің дипломаттары А.Х. Арыстанбекова, Қ. И. Исагалиев және тағы басқалар факультет студенттерімен өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісті.
Факультеттің жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрамы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақтар жүргізеді.
ХҚФ Қазақстандағы халықаралық қатынастар саласындағы мамандар дайындауда сөзсіз көшбасшы, ҚазҰУ факультеттері арасындағы шетелдік басылымдар санын, халықаралық конференцияларға қатысуды, тағылымдама санын, бөлінген шет елдік гранттар, бірлескен жобалар санын куәландыратын халықаралық ынтымақтастық саласындағы бірден бір факультет болып табылады. Факультеттің 8 оқытушысы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Үздік оқытушы» грантының иегерілері.
ХҚФ шет елдік мемлекеттердің өкілдіктері және елшіліктерімен – АҚШ, еуропалық мемлекеттер, Азия мемлекеттері, халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, АӨСШК, ШЫҰ және т.б. Факультетте елшіліктердің өкілдерінің қатысуымен үнемі республикадағы жалғыз «Елшілік сағаты» өтіп тұрады.
Студенттер, магистранттар және докторанттар елшіліктер мен ДААД, Фулбрайт, Маски, Француз альянсы сынды шет елдік қорлардың білім беру бағдарламаларына белсене қатысады. 100-ден астам студент президенттік стипендиясының иегерлері. Үздік студенттер мен оқытушылар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдік ЖОО-да дәріс алған және қазіргі таңда да дәріс алуда.
Факультетте төмендегідей 3 ақпараттық-сараптау және ресурстық орталық жұмыс жасайды: Еуропалық ақпараттық орталық, американдық және демократиялық зерттеу ресурстық орталығы, НАТО жөніндегі ресурстық және ақпараттық орталық, француз тілі кабинеті.
15 жыл ішінде ХҚФ қазіргі таңда еліміздің мемлекеттік құрылымдарында, ҚР Президенті Аппаратында, ҚР СІМ жүйесінде, Қазақстанның шет елдегі өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда, ғылыми және ғылыми-зерттеу орталықтарда, Қазақстанның ЖОО-да қызмет етіп жатқан 2 мыңнан астам түлек дайындап шығарды.
Халықаралық қатынастар факультеті мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер үшін болашақ қазақстандық көшбасшылар дайындауда.
Осы орайда ҚР СІМ Төтенше және Өкілетті елшісі Әуезхан Мақтайұлы: «Мен халықаралық қатынастар факультетімен тығыз әріптестік байланыстамын. Бұл факультет арқылы Қазақстан дипломатиясының форпосты қалыптасты. Әлемнің жүз шақты елінде Қазақстанның елшіліктері ашылды. Сол орталықтарда осы факультеттің түлектері қызмет етіп жүр. Бұл әрине ұстаздар еңбегінің жемісі. Факультет асқақтай берсін», деген жылы сөзін жеткізіп естелік сыйлығын ұсынды. Бұл кезекте шетелдік әріптестердің де сыйлықтары мен құттықтаулары ағылып жатты. Мәселен, АҚШ-тың Алматыдағы БАС консулы Майкл Сноуден: «Халықаралық қатынастар факультеті тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатына мамандар дайындаудың атрибюты болды. Алдағы уақытта мамандар даярлау барысында халықаралық жаңа жобалар тілеймін», десе, Қазақстандағы Польша Елшілігінің екінші хатшысы Михал Чаброс: «Біздің орталықтың бұл факультетпен байланысы зор. Келешекте де ынтымақтастықты дамыта береміз», деген ойын айтты. Ал Нью-Мексико университетінің профессоры Грегри Глиссен:
- Мен факультетті 15 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, осы факультеттің ғалымдары Фатима Көкееваға, Құралай Байзақоваға алғыс айтқым келеді. Себебі бұл оқытушылар біздің оқу ордамызға келіп студенттерге дәрістер оқып тұрады. Ол дәріс біздің болашақ стуенттерге өте пайдалы,- деді.
Міне, 15 жылда бірнеше асулардан өткен халықаралық қатынастар факультетінің мерейтойы осылайша аталып өтті. Студенттер де өнерлерін ортаға салып, күй шертті, би биледі, ән айтты. Халықаралық қатынастар факультетінің мерейтойына орай ұйымдастырылған шарадан түйгеніміз – бұл орталық сыртқы істер кадрларын дайындауда отандық және шетелдік әріптестерінің зор ықыласына ие. Әрі осы факультеттің даярлаған мамандары тәуелсіз еліміздің сыртқы саясатын сауатты атқаруда. Олай болса, алдағы уақытта да болашақ елшілеріміз бен дипломаттарымыз сапалы да, сауатты болары сөзсіз.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі