ҚазҰУ студенттері Анкарада өткен универсиадаға қатысты
25-31 қазан аралығында Анкарада түркі тілдес елдердің арасында студенттік универсиада өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жарысқа қатысып, үздік нәтижелер көрсетіп қайтты. Жарыс спорттың кіші үстел теннисі, шахмат, еркін және дәстүрлі күрес, волейбол (әйелдер арасында) және баскетбол (ерлер арасында) түрлері бойынша өтті.
Жалпы командалық сайыста Қазақстан тобы алтын, күміс және қола медальдарын жеңіп алғандардың алдыңғы қатарында тұр. Жалпыкомандалық сайыста ҚазҰУ студенттері үздік көрсеткішпен көзге түсті.
Үстел теннисі бойынша өткен жарыста ұл-қыздарымыз алтынға қол жеткізді. Соның ішінде ҚазҰУ студенттерінен биология факультетінің 4-курс студенті Ольга Подберезкина, биология факультетінің 3-курс студенттері Самат Бейсенов пен Тимур Келбұғанов жеңімпаз атанды. Шахматшылар екінші орынды жеңіп алды, ондағы сайыста халықаралық қатынастар факультетінің магистранты Гүлмира Дәулетова және Экономика және бизнес Жоғары мектебінің 3-курс студенті Берік Аққозов жеңімпаз атанды.
Мароккода 23-25 қазан аралығында өткен дзюдо жарысында 3-ші орынды биология факультетінің 2-курс студенті Виктор Демьяненко жеңіп алды. 14-16 қазанда Тбилисиде өткен жарыста самбодан 3-ші орынды биология факультетінің 2-курс студенті Мадина Әлібекова жеңіп алды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жарысқа қатысып бағын сынап көрген университет жеңімпаздарын құттықтап, алдағы уақытта бұл дәстүрдің жалғасын табатындығына үлкен үміт артатындығын айтты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі