Ғылыми кеңес тәрбие мәселесін алға қойды

23 қараша, 2010

23 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәжіліс залында кезекті Ғылыми кеңес өтті. Күн тәртібінде Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор ШолпанЖаманбалаеваның Университеттің тәрбие жұмысының негізгі бағыттары туралы баяндамасы, Бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің эндаументі туралы» Жарлығының жобасы туралы ақпары мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың рейтингтік жүйесі туралы баяндамасы тыңдалды.

Университет негізінен – оқыту, ғылыми-зерттеу жұмыстары және тәрбие сияқты үш бағытты негізге ала отырып тұлға қалыптастыратындығын ескерсек, әрине, тәрбие саласы университеттің оқу жүйесіндегі ең үлкен бағыт болып табылады. Осы кезекте Ғылыми кеңестің бүгінгі басты тақырыбы да тәрбие жұмыстарына арналды. Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор ШолпанЕрболқызы ҚазҰУ-дағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттары туралы баяндай келіп, тәрбие жұмысын ұйымдстырушылық-кадрлық қамтамасыз ету мәселесін алға қойды. Оның ішінде эдвайзерлік, кураторлық міндеттердің бір жүйеге келтірілуін, бұл қызметтің студенттік қоғамдағы тәрбиелік мәнін дамытуды айтты. Сонымен қатар, студенттердің азаматтық-патриоттық қабілеттерін дамыту, студенттерді рухани-адамгершілік және мәдени-эстетикалық тәрбиелеу, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту жұмыстарын нықтап қолға алуда бірлесіп әріптестік қызмет атқаруға шақырды. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру және спортты дамыту саласындағы атқарылған істерге тоқталып, тәрбие жұмысын жетілдіру міндеттерін де оқытушы-профессорлар назарына ұсынды. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ғұлама сөзінде тәрбиенің қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Ендеше тәрбие жұмыстарының күн тәртібінде алға қойылуы орынды. Сан мыңдаған жастардың басын қосып отырған қасиетті білім ордасы үшін, тәрбие жұмыстарын дамыту тіптен керек-ақ. Бұл орайда университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ҚазҰУ қалашығында Ұлы Абайдың, дана бабалардың ұлағатты сөздерін жазып қоюды ұсынды. Мәселен, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», - дейді Ұлы Абай. Міне, осындай бір шама қанатты сөздерді жатақхана қабырғасына іліп қойсақ, жастар тәрбиесіне үлес қосары сөзсіз»,- дейді университет басшысы.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі