Халықаралық қатынастар факультетінде жаңа аудитория ашылды

26 қараша, 2010

90-жылдардың басында Қазақстан Республикасы әлем кеңістігінде тәуелсіз ел ретінде таныла бастады. Әлемдік деңгейде халықаралық байланыстарды қалыптастыру мен дамыту осы бағыттағы білікті мамандарды қажет етті. Осы бағытта профессор Жарас Ибрашевтің бастамасымен сол кездегі Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Т.С.Сүлейменовтың қолдауымен 1992 жылы көктемде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарих факультеті шеңберінде ашылған халықаралық қатынастар бөлімшесі 1995 жылы Халықаралық қатынастар факультетінің негізін қалады. 15 жылдық мерейтойын атап жатқан халықаралық қатынастар факультеті бірқатар табыстарға қол жеткізді. Солардың қатарында факультет студенттері мен ұстаздары үшін аса маңызды сәттердің бірі «Қазақстан Республикасының дипломатиясы және сыртқы саясаты» аудиториясының ашылуы болды.

Қазақстан Республикасының дипломатиясы мен сыртқы саясатын студенттер арасында насихаттауды мақсат тұтқан Студенттік дипмиссияның жетекшісі доцент Амангелді Әліпбаев пен шәкірттері жаңа аудиторияның негізін қалауға үлес қосты.

Тәуелсіз елімізге қажетті білікті мамандарды дайындау бағытында факультетке жүктелген миссияға тікелей қатысты кабинеттің ашылуы студенттердің өз мамандығына сай білім алу мүмкіндігін жетілдіре түсетіні хақ.

Студенттік дипмиссия