"Жас қазақ үні" республикалық қоғамдық-саяси апталық

2 желтоқсан, 2010

АНА ТІЛІМІЗДІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН АРУЛАР

12-Қараша, 2010

Ата-баба дәстүрін қадірлей білетін, бүгінгі күн талабына сай білікті де дарынды жастар легі қалыптасып келеді. ҚазҰУ-дың 13 факультетінің арасынан суырылып шығып, «Ана тілі аруына» қатысқан студент қыздардың өнерін тамашалағаннан кейін осындай ойға келдім.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім ордасы ғана емес, тәрбиенің тал бесігіне айналған қара шаңырақ. Ана тіліміздің рухын асқақтатып, ұлттық бай мұрамызды дәріптеген ару қыздарымыз «бас кеспектер тілімді кесе алмаған, тілден бұрын кетеді жалын демім»,- деп жырлағанда олардың бойынан отаншылдық қасиетті көрдік. Осы байқау қадір-қасиетімен де, мән-мағынасымен де басқа қыз сындарынан анағұрлым озық тұрды. Қыздар бес тур бойынша сынға түсті. Бірінші турда қыздарды таныстыруда жаңаша бір тартымды әдіс тапқан. Қыз-жігіттің қайым айтысы арқылы ашылған шымылдық, әрі қарай құрбысын іздеген жігіттің әзіл-қалжыңына жалғасады. Жігіт іздеген қыз сахнада өзін дүйім жұртпен таныстырады. Осы көрініс тартымды да әсерлі шықты. Өлең оқудан сайысқа түскен қыздардың көрерменді баурап алғаны сонша, зал сілтідей тынды. Бейне бір поэзия кеші ме дерсің. 1-2 курстың студенті емес, телеарнаның кәсіби жүргізушісі іспетті. Мұны іріктеу турларының әділ жүргізілгенінің жемісі деп түсінген абзал. 3-турда «Ерке нұр» сән үйі ұсынған ұлттық киімді киіп шыққан қыздар сән үлгілерін көрсетті. 4-турда сұрақтарға жауап берілді. Сұрақтарға өзек - қазақ тарихында тұлғалық дәрежеге көтерілген аналарымыз бен апаларымыз болды. Қыздардың барлығы да бұл сыннан сүрінбей өтті. «Өнерім - өмірім» атты 5-турда қыздар өз өнерін ортаға салды. Ең қызықты да тартымды өткен турдың бірі - осы. Олардың арасынан қылқаламды жанына серік еткен суретшіні де, жан дүниеңнің қылын шерткен сыршыл ақынды да, білекті спортшыны да, әуезді үні бар әншіні де, белі бұралған бишіні де көріп тәнті болдық. Білім мен өнерді құстың қос қанатындай қатар алып жүрген жас қыздардың, яғни болашақ аналардың өсіп келе жатқанын көрудің өзі бір ғанибет екен.

Гүлнар Сәрсенбекова, (фотосы бар) тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департамент директоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент, «Ана тілі» аруы-2010» байқауын ұйымдастыру алқасының төрайымы: Біз де бойжеткендеріміздің жан сұлулығына, көкірек көзінің ашықтығына, дүниетанымының кеңдігіне терең үңілуді жөн көрдік. Қазақстанның білім беру жүйесі әлемнің озық білім беру үрдістерінен үйрене отырып ұлттық білім беру моделіне негізделген. Бұл - жалпы азаматтық құндылықтар мен ұлттық құндылықтардың бір-бірімен үйлесімді ұштасуы. Ал «Ана тілі аруы» осы екі құндылықты ұштастыруды мақсат еткен жоба. Біз байқаудың алдында студент қыздарымызға мастер-класс өткізіп, Сақ патшайымы Тұмар, Домалақ ана, Зере әже, ерлердей ел билеген Айғаным, Ұлпан сынды данагөй апаларымыз жайлы, ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз, ұлттық тағамдарымыз туралы көп мәлімет бердік. Сонымен бірге қазақ қызының шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап салиқалы жасқа жеткенге дейінгі бүкіл өмір жолымен таныстырып өттік. Меніңше, жастарға бірінші кезекте тәлім-тәрбие беріп алып, сосын нәтижесіне үңілген дұрыс сияқты.

Өйткені, әр жас әр түрлі әлеуметтік ортадан шыққан, біз сұрап отырған нәрселерді бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласқан жастар ұйымдары комитеті мен студенттер клубы қызметкерлерінің еңбегін атап кеткен жөн. Қазақ қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген халық. «Қыз – елдің көркі» деп бойжеткендерін бағалай білген. Өйткені олар дүниеге ұрпақ әкелер болашық аналар. Сондықтан да «Ана тілі аруын» өткізуге өте ұзақ дайындалдық.

Байқау барысында бір байқағаным, ұлттық салт-дәстүрімізді қалалық қыздар ауылдық қыздардан қалыспай тең дәрежеде білді, бұл тәуелсіздігіміздің берген үлкен жемісі, қала халқы да қазақыланып келе жатқанын білдіретін жақсы нышан.

Байқауда қыздар тек ұлттық киім киді. Қазақ қызының киімінің өзі қандай бір ғанибет десеңізші! Тіпті атқа мініп, шалбар кигенде де оның қыз екені белін қынаған белбеуінен көрініп тұрған. Үкілі кәмшат бөрік, бүрмелі көйлек, қынамалы камзол қыздардың сымбатын аша түскен.

Қансейіт Әбдезұлы, (фотосы бар), Әл Фараби атындағы ҚҰУ-дың филология факультетінің деканы: Бүгінгі қыз сыны Ана тіліміздің мерейін асырған үлкен бір мереке болып өтті. Байқауға қара шаңырақ ҚазҰУ-мыздың ең талантты, ең сұлу қыздары қатысты. Ана тілінің мұңын мұңдап, қазіргі тағдырына алаңдаушылық білдірді, ең бастысы тілді асылындай ардақтайтынын жүректен өткізіп айтты. Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев сынды саңылақ ақындарымыздың өлеңдерін аруларымыздың нақышына келтіріп, оқығанынан олардың өлең-сөздің қадірін түсінетіндігі көрініп тұрды. Қазағымның болашағы —ұлттық намысы бар елін сүйетін осындай қыздар және де олар ертең құратын шаңырақ. Мәңгі жасайтын ел болғымыз келсе, осындай қыздарымызды қошеметтеуіміз керек, қолдан келгенше демеуіміз қажет. Екі жарым мың адам сиятын Студенттер сарайында ине шаншар бос орын болған жоқ. Қоғамға серпіліс әкелетін, жастарға ой салатын келелі кеш болды. Әйгерім Әшірәлінің кимешек киіп, Ана тілінің образына еніп: «Мен ана тілінің киесімін, Туған тілдің тірегімін, Көктегі Алланы қалай қадірлесеңдер, мені де солай қадірлеңдер. Жер ананы қалай құрмет тұтсаңдар, мені де солай құрмет тұтыңдар. Жылататын да жұбататын да ұлы да қасиетті құдіретті тіл екенін естеріңнен шығармаңдар. Жанымның садағасымен, ар-ұяттың өлшемімен Ана тілі тілеулерің болғай», —деп оқыған осынау өлең жолдары жас қыздың аузымен айтылғандықтан, талай жасқа ой салып, тебірентіп, толқытты деп айта аламын. Ересектердің ақыл-кеңесінен гөрі құрбысының айтқаны жастардың жанына жақын келеді. «Ана тілі аруын» жалпы халық тамашалайтын үлкен бір телевизиялық жобаға айналдырса, жақсы болар еді. Жеті-сегіз жыл бойы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл байқау қазір пісіп жетілді, телевизияға сұранып тұрған бағдарлама. Телевизиялық нұсқасының болашағы зор боларына күмәнім жоқ».

Ақмарал Тубетова, (үлкен фото) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің 1-курс студенті, «Мейірімді ару» аталымының иегері. Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы 140-шы мектептің түлегі.

«Ана тілі аруы» мен қатысқан байқаулардың ішіндегі шоқтығы биігі болды. Осы байқауға қатысқан себебім, Ана тілімді жоғары құрметтейтінімді дәлелдегім келді және де қазақтың қызы болғанымды мақтаныш тұтатындығымды білдіргім келді. Байқаудан үйренгенім, көңілге түйгенім көп болды. Қазақтың салт-дәстүрін бұрын да білетінмін, дайындық үстінде одан да терең бойлай түстім. Қыздардың бойындағы сыпайылық пен мейірімділік ерекше бағаланатындықтан «Мейірімді ару» аталымының маған берілгеніне қуаныштымын.

Айгерім Әшірәлі, ( үлкен фото), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің екі шет тілі мамандығы бойынша 1-курс студенті. 2010 жылғы «Ана тілі аруы», Талдықорғандағы дарынды балаларға арналған №20 лицейдің түлегі.

Көркем, сұлу, парасатты да ақылгөй арулардың арасынан суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Алайда, байқауға қатысқан әрбір қыз «Ана тілі аруына» лайықты деп есептеймін. «Ана тілі» байқауының тәрбиелік мәні зор болды. Бұл байқаудан ұлағаты мол тәлім алдым.

Мен ана тілімді бұрын да ардақтайтынмын, бірақ осы байқаудан кейін оның қадір-қасиетіне терең бойладым.

С.СЕРІКҚАЛИ,

Е.АППАҚ