"Дала мен қала" қоғамдық-саяси апталық

2 желтоқсан, 2010

22 қараша 2010 жыл

КӨРКЕМ ҚЫЗ, СЫРЛЫ ЖIГIТ БӘРI СОНДА

Көкшетау қаласында Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат министрліктері, Ақмола облысының әкімдігі, «Қазақ газеттері» ЖШС және «Жас Отан» Жастар қанаты «Заңғар» жастар шығармашылық бірлестігі «Ана тілі» аруы» және «Ана тілі» сұлтаны» республикалық байқауын ұйымдастырды.

Жалындаған жігіттер мен ақылына көркі сай арулар білім, ақыл-парасат, тәлім-тәрбие бойынша бақ сынасқан байқаудың «жүзден жүйрікті» анықтаған ақтық мәресі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау қалалық «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, өскелең ұрпаққа тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрді насихаттау. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарға жастар арасында сүйіс­пеншілік пен құрмет сезімін арттыру. Айта кетейік, көпші­ліктің қолдауына ие болып үлгерген республикалық «Ана тілі» аруы» және «Ана тілі» сұлтаны» байқаулары биыл 7-ші мәрте өткізіліп отыр. «Ана тілі» аруы» байқауына республи­каның жоғары оқу орындарының 31 студент-қыздар қатысса, «Ана тілі» сұлтаны» байқауында 36 студент-жігіт бақ сынас­ты. «Мыңнан тұлпар» дегендей, байқаудың 1 кезеңінің нәтижесі бойынша 9 ару мен 9 сұлтан іріктеліп финалға шықты. Нәтижесінде, «Ана тілі» аруы» байқауында бас жүлде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Әйгерім Әшірәліге, 1 орын М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының студенті Талшын Сейітхановаға, 2 орын Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің студенті Салтанат Тұрған­бековаға және үшінші жүлделі орындар Тараз инннова­ция­лық гуманитарлық университетінің студенті Жадыра Мер­генбаеваға мен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік университетінің студенті Эль­­ми­­ра Таудаеваға бұйырды. Ал білімді де, білекті жігіттердің арасында өткі­зіл­ген сайыста «Ана тілі» сұлтаны» болып Тараз иннновациялық гуманитарлық университетінің студенті Жамбыл Тілепов танылды.