Жақында ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің жалпы және этникалық педагогика кафедрасына 70 жыл толды. Айтулы мерекеге орай студенттер арасында ғылыми байқау ұйымдастырылды. Аталмыш байқауда университеттегі механика және математика, философия және саясаттану факультетінің студенттері ғылыми эссе жазу, педагогикалық ертегі құрастыру сайысы бойынша жарысқа түсті. Студенттердің ғылым саласындағы қызығушылығын оятып, шығармашылық ізденісін арттыратын бұл байқау, сондай-ақ білімгерлердің ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамытуды мақсат етті. Сонымен қатар, жиын студенттердің өндірістік тәжірибе жұмыстарын жақсартып, осы салада жастар әлеуетін жетілдіруді негізге алды.
Ғылым мен шығарашылықты ұлықтап отырған бұл басқосудың алғы сөзін сөйлеген жалпы және этникалық педагогика кафедрасының меңгеруші міндетін атқарушы Әйгерім Мынбаева: “Байқау жастардың біліктіліктілігін дамытып, ғылыми және шығармашылық қабілеттерін арттыра түседі. Жоғары мектептің демокаратиялық көрінісінің айғағы болып табылатын бұл шара кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтың инттелектісін арттыра түспек”, - деген ойын ортаға салды.
Осы орайда жастар тарапынан сөз алған “Логос” Студенттік Ғылыми Қоғамының жетекшісі Наргиз Маликова: “Байқау “студенттік ғылыми жұмыс” ұғымына жаңаша мағына береді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарында кездесетін мәселелерге инновациялық сипат тудырады”, - дейді.
Жастардың ғылымға деген қабілетін саралаған әділ-қазылар құрамын “Логос” СҒҚ жетекшісі Наргиз Маликова мен осы ұйым төрағасының орынбасары Зайра Дакариева толықтырды. Олар үміткерлердің шығармашылық, тәжірибелік және теориялық біліктілігін бағалап, байқау жұмыстарының талапқа сай орындалуын назарға алды.
Нәтижесінде ғылыми эссе байқауы бойынша “Психология” мамандығының 2-курс магистранты Дәрия Осмаловская мен “Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану” мамандығының 1-курс студенті Тұрсынай Сұлтанқызы 1-орынды жеңіп алды. Ал “Педагогика және психология” мамандығының 3-курс студенті Анастасия Колдышева педагогикалық ертегі құрастыруда 1-орынды, ал ғылыми эссе жазуда 2-орынды жеңіп алды. Ал педагогикалық ертегі бойынша 2-орынды механика және математика факультетінің магистранты Мерей Кенжебаева иеленсе, 3-орынды “Педагогика және психология” мамандығының 2-курс студенті Ирина Беккерман, місе тұтты. Сондай-ақ, Айнұр Рақымқызы, Виктория Баранова, Жадыра Шайжанова, Бегайым Амантай сияқты студенттердің ғылыми жұмыстары әртүрлі аталымдар бойынша марапатқа ие болды.
Барлық жеңімпаздарға кафедра оқытушыларының авторлығымен жарық көрген оқулықтар мен кітаптар тарту етілді.
Байқау соңында кафедраның 70 жылдығына арналған мерекелік шара жалғасын тауып, “әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану” мамандығының 1 курс студенттері мен “педагогика және психология” мамандығының 3-курс студенттері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.