Лидерлік лекция өтті

3 желтоқсан, 2010

2 желтоқсан күні ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің саясаттану кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында сыртқы саясаты» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел қонағы – саясаттанушы, сенатор, с.ғ.д., профессор Камал Бұрханов.

Бұл кездесуге факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер мен магистранттар, докторанттар да атсалысты. Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Ләйлә Иватова кездесу басталысымен, бұл дөңгелек үстел Камал Бұрхановтың лидерлік лекциясы ретінде өткізейік деген ұсынысын айтты. Айтылғандай, барлығының да белсенді қатысуымен лекцияға ден қоя тыңдалды.

Камал Бұрханов ең әуелі, өз өмір жолы мен шығармашылық, іс-тәжірибеден өткен тәжірибе жолын атап өтіп, кездесудің басты тақырыбы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне баса назар аударып тоқталды. Сенатор Камал Бұрханов: «Саммит – біздің мемлекетіміздің әлем елдеріне барынша танылуына ықпал етіп, Қазақстанды нақты саяси ұстанымы бар мемлекет ретінде көрсетуге жол ашты», - деген пікірді алға тартты.

Қазақстан өз төрағалығы арқылы нендей нәрсеге қол жеткізді, көздеген мақсаты қандай, саммит қандай нәтиже күттіреді деген сауалдар көтерілді. Бұл саммит біздің мемлекетіміздің өзге елге танылуымен қатар, саяси нақты ұстанған принципі бар мемлекет ретінде танылуына жол ашты. Саммитте Қазақстан тек бір бағытта емес, еліміздің сыртқы саясатқа немқұрайлылық танытпай, барынша қолдан келген іс-әрекеттерімен өз шешу жолдарын ұсынып төрағалығын өткізіп отыр.

«Президент ЕҚЫҰ қызметін бақылай отырып, алға тартқан басты стратегиялық бағыттары: қаржылық-экономикалық қауіпсіздік, ЕҚЫҰ стратегиясындағы конфессияаралық төзімділікке де аса назар салу керектігі, Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ құжаттарына үлкен ұқыптылықпен қарайды, сол себепті қарулы күштер саласын бақылау тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап тұруда зор рөл атқарады», - дейді өз сөзінде Ләйлә Иватова.

Факультеттің белсенді студенттері өз тараптарынан сауалдарын қойып, Камал Бұрхановтан толық жауап алды. Тек саммит мәселесімен шектелмей, оқытушы-ұстаздар білім саласындағы заңдағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде де өз сауалдарына жауап алып үлгерді. Бұл тұста да, Камал Бұрханов мүдірместен, толығымен жауап берді.

Еліміздің еңсесі биік екеніне, өзге мемлекеттермен терезесі тең тұрғанына бұл саммит тағы бір дәлел болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі біз үшін үлкен абырой, мақтаныш және жауапкершілік жүктейтіні туралы барлығы бірауыздан мақұлданған пікірге тоқталды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі