ҚазҰУ-да магистратура бойынша жаңа мамандықтар ашылмақ
Кеше ҚазҰУ-да өткен Ректорат мәжілісінде алдағы оқу жылында магистратура бойынша жаңа мамандықтар ашу туралы ұсыныстар қаралды. Бұл туралы университеттің Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынхановтың магистратурада жаңа мамандықтарды ашу туралы жасаған баяндамасынан белгілі болды.
Сондай-ақ, бұл жиында: “Жаңа мамандықтар ашу үшін классикалық университет талаптарына сай келмейтін мамандықтардан бас тарту керек”, - деді Мұрат Кәдесұлы. Осы орайда еліміздегі үздік білім ордасы алдағы оқу жылында қоғам талап етіп отырған, заманауи нарық талаптарына сай келетін мамандықтар ашуды көздеп отыр. Олардың қатарында халықаралық бизнес, бизнес және құқық, менеджмент және білім, логистика сияқты бірнеше мамандықтар бар. Үстіміздегі жылдың соңына дейін аталған мамандықтар бойынша жаңа пәндерді ұйымдастырып, жүйелендіру жоспарлануда.
Сонымен бірге университетте бакалавр, магистратура білім сатыларымен қатар PhD докторантура бойынша грант санын өсіріп, ашылатын жаңа мамандықтар бойынша жастарды мамандандыру жұмыстары қарастырылып отыр.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистратура бойынша 2004 жылы – 6 жаңа мамандық, 2007 жылы – 19, 2009 жылы – 21 жаңа мамандықтар ашуды ұсынған.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі