Ғылым мен білімді тәрбие жалғап тұруы керек
Ұстаз болу үлкен жауапкершілік әрі үлкен міндет. Жастарды білім мен ғылымға бағыттай отырып тәрбие жұмыстарын да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Тәрбиесіз берілген білімнің тиімділігі де шамалы. Осы тұжырымды арқау еткен ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов 7 желтоқсан күні университеттің куратор-эдвайзерларымен арнайы кездесу өткізді.
Сондай-ақ, бұл жиында Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева “Куратор-эдвайзерлардың қызметтік міндеттері” тақырыбында баяндама оқыды. Онда студенттік топ 30 адамнан кем болмау керектігі, әрбір студенттік топқа куратор-эдвайзер тағайындап, студенттерге деген тәрбие жұмыстарын күшейту керектігі айтылды. Проректор: “Студентпен жеке жұмыс, куратор сағаты, ата-анамен тығыз байланыс, топ арасында шаралар ұйымдастыру және кафедрада, факультетте, университет көлемінде жүзеге асатын шараларға белсене қатысу куратордың жұмыс жоспарын қамту керек”, - дейді. Сонымен бірге осы жиында белгілі болғанындай кураторлық сағаттың мазмұны – Конституция сағаты, университеттегі оқу үдерісін ұйымдастыру; ҚазҰУ студентінің кодексі. Ішкі тәртіп пен ереже; Факультеттің, кафедраның тарихы; ҚазҰУ мұражайын аралау; Студенттік салауатты өмір салтын насихаттау; ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларын талқылау, еліміздің даму бағдарламаларына пікір қосу сияқты өзекті басымдықтардан құралу керек. Студентті ғылым мен білімге бағыттай отырып, тәрбие жұмыстарын үйлестіруді алға қойған кураторлар да өз кезегінде көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, болашақтың жарқын болуына ат салысты. Тәрбие жұмысының өзекті де маңыздылығына барынша назар аударған университет ректоры өзі бастап куратор-эдвайзерлік қызмет атқаратындығын, осы сала барысында студенттер қоғамымен етене араласа отырып театр сынды мәдени ошақтарға ат басын бұратындығын айтты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі