Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы отырыстың ашылуында. Комиссия отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой аясында жоспарланған жобалары туралы баяндады.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ұлы ғалымның есімін иеленген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл міндеттерді жүзеге асырудағы өзінің маңызды миссиясы - әлемдік өркениет ұлы ойшылдарының бірі ретінде әл-Фараби образын және оның өзекті идеяларын алға жылжыту деп санайтындығын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бүгінгі таңда ғұламаның еңбегін насихаттау үшін біршама жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Университетте жыл сайын халықаралық Фараби форумы өткізіліп тұрады. «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған. Оның жұмыстары жетекші шетелдік ғылыми мектептермен ынтымақтастықта жүргізілуде. Әл-Фараби трактаттарының қазақ және орыс тілдеріндегі 6 томдығын біріктіретін кітаптар сериясы жарыққа шықты. Бұрын еш жерде жарияланбаған қолжазбаларды, әлемдік ғылым тарихындағы әл-Фараби рөлі жайындағы басқа да ақпараттар көзін іздестіру жүргізілуде, олар университет кітапханасындағы «Сирек және құнды басылымдар» қорында жинақталуда. Әл-Фарабидің қайырымды қоғам идеясы негізінде ҚазҰУ «Университет 4.0» жаңа буын университетінің үлгісін жасап, енгізді. Үлгі «al-Farabi University Smart City» концепциясы негізінде жүзеге асуда және жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген. Университет 4.0 үлгісі БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде көрсетілді, онда үлгіні халықаралық деңгейде тарату ұсынылды. Бұл ҚазҰУ-дың 12 шетел университетінде ашқан халықаралық әл-Фараби орталықтары желісінің негізіне айналды. Сонымен бірге Ыстамбұл және Делиде әл-Фараби мұражай-үйі ашылды. ҚазҰУ БҰҰ өркениеттер Альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам құру. Заманауи университеттер миссиясы» жобасын жүзеге асыруда.
Мемлекеттік хатшының қатысуымен өткен отырыста академик, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі өзінің бірнеше ұсыныстарын жеткізді. Атап айтар болсақ, әл-Фарабиді Қазақстанның тумасы ретінде нықтау үшін аталмыш форумды жыл сайын өткізу, Ғалымның еңбектерін аудару және басуды әрі қарай ұйымдастыру мақсатында бұл жұмысты «Әл-Фараби ізімен» республикалық ғылыми-зерттеу экспедициясы аясында жалғастыру, ҚазҰУ-дың әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Голландия және Түркия медиакомпанияларымен бірлесіп, ғалым жайлы дайындаған көркем фильмдер циклін көп реттік көрсету мен авторлық құқықты сатып алу сияқты ұсыныстар айтылды.
«Әл-Фарабидің әділетті және адамгершілік қоғам туралы идеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мықты және жауапты адамдардан тұратын Ұлт қалыптастыру туралы негізгі жолдауымен үндес», - дейді ректор Ғалым Мұтанов. Осы ретте ол Қазақстанда ізгілікті әлеуметтік ортаны қалыптастыру және нығайту үшін еліміздің барлық азаматтары мен ұйымдарын қоғамға қайырымды істер жасауға тартуға бағытталған «Қайырымды Қазақстан» республикалық жобасын жүзеге асыруға шақырды.
Еліміздің бірнеше оқу орындарында танымал отандық және шетелдік ғалымдардың, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың қатысуымен халықаралық конференциялар және симпозиумдар, семинарлар мен дәрістер өткізу жоспарлануда. Барлық шаралар Ұлы философ және ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын насихаттап, кеңінен таратуға бағытталған.