Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.
Университет ректоры академик Ғалым Мұтанов мемлекет Басшысының Жолдауында ел экономикасын одан әрі дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. Адам капиталының сапалы өсуі үшін барлық жағдайларды қамтамасыз ету, жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дарынды жастардың мүмкіндіктерін кеңейту, әсіресе ауылды жерлердегі жастардың Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беру, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру, түлектерді жұмысқа орналастыру және басқа да мәселелерге ерекше назар аударылды.
ҚазҰУ ұжымы осы маңызды міндеттерді шешуде мақсатты түрде жұмыс істейді және оң нәтижеге қол жеткізеді деп атап өтті қатысушылар. QS World University Rankings халықаралық рейтингісінде ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне трансформация стратегиясын жүйелі түрде жүргізе отырып, Орталық Азия жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып әлемнің үздік жоғары оқу орындары арасында 207-орынды иеленді.
Соңғы бес жылда білім алушылар саны 25 мыңнан астам адамға жетіп, екі есеге артты. Олардың басым бөлігі «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.
Университеттің академиялық саясатының негізгі қағидаларының бірі оқытудың бірінші жылынан бастап қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік беретін білім алушылардың үздіксіз практикалық дайындығына бағдар беру болып табылады. Университет факультеттері факультет түлектері арасынан қалыптасатын жұмыс берушілер Кеңесі арқылы еңбек нарығымен тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.
Соңғы бес жылда ҚазҰУ-да 700-ден астам жұмыс беруші компаниялардың қатысуымен 23 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, оған 20 мыңнан астам түлек қатысты. 2019 жылы университет бітіруші мен жұмыс берушінің өзара іс - қимылы үшін «Жастар және мансап» алғашқы электрондық алаңы жұмысқа орналастырудың ақпараттық порталын іске қосты.
Жолдауда жастар арасында бұқаралық дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөлінген. Бұл бағытта ҚазҰУ студенттері үшін барлық жағдай жасалған, спорткешен және 30-дан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Университет студенттік спорттың тұрақты көшбасшысы, әрі көптеген әлем чемпиондарын, Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыс жеңімпаздарын тәрбиеледі.
Мемлекет басшысы Жолдауда келесі 2020 жыл «Еріктілер жылы» болатынын атап өтті. ҚазҰУ-да Волонтен қозғалысы 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Университетте «Көмек» қоғамдық бірлестігі құрылды, ол мұқтаж адамдарға және жетім балаларға көмек көрсетеді. Студенттер түрлі іс-шаралар, экологиялық акциялар мен қайырымдылық іс-шараларды өткізуге қатысады.
ҚазҰУ-да әлеуметтік жағынан осал топтардан 2 мыңнан астам студент оқу ақысын төлеуге жеңілдіктерді пайдаланады, атаулы материалдық және басқа да көмек алады.
Талқылау қорытындысы бойынша ҚазҰУ Ғылыми кеңесінде Жолдауды жүзеге асыру бойынша кешенді жол картасы қабылданды. Ол Президенттің тапсырмаларын орындауды, соның ішінде студенттік кампуста жайлы ортаны қалыптастыру, түлектерді жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу және оқушылардың кәсіби диагностикасын жүргізу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізу, ғылымды қажетсінетін өнімдерді жасау және басқа да мәселелер қозғалды.