Шығыстану факультетіндегі көшбасшылық дәріс

16 қыркүйек, 2019

Шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы ағымдағы жылдың 2 қыркүйек күні №2 оқу залында университетімізге жаңадан қадам басқан 1-курс студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуге факультеттің кафедра меңгерушілері, оқытушы-профессорлар құрамы, куратор-эдвайзерлер қатысты. Өзінің алғашқы сөзінде факультет деканы Ықтияр Палтөре студенттер мен оқытушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, 1-курс студенттерін факультеттің кафедра меңгерушілерімен, куратор-эдвайзерлерімен, шетелдік профессорлармен сондай-ақ №14 студенттер жатақханасының жетекшісімен таныстырды.

Декан биылғы 2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл – Жастар жылы екенін ескере отырып, қазіргі жастарымыздың бәсекеге қабілетті, жоғарғы білікті маман ретінде қалыптасуына шығыстану факультетінде толық мүмкіндіктер бар екенін айтты. Жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттауда жоғарғы оқу орнының алып жатқан орнын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, өз кезегінде студенттердің сабаққа белсенді қатысуы мен университет қабырғасындағы тәртіпті сақтау, жатақханада орналасқан студенттердің тазалық мәселесін көтерді.

Оқытушы-профессорлар атынан қытайтану кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Нәбижан Мұхаметханұлы студенттердің болашағына бағыт-бағдар беріп, шет тілін, әсіресе шығыс тілін оқып-үйрену, шығыс мәдениетін, тарихын, дінін, саяси-экономикалық жағдайын зерттеп-білу, оған сараптама жасау арқылы өз елімізге адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.