Дүниежүзілік жүрек күні

27 қыркүйек, 2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық факультетінің жоғары медицина мектебі, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-мен бірлесе отырып ҚазҰУ аумағында орналасқан  «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында тұңғыш рет «Дүниежүзілік жүрек күнін» атап  өтті.

Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлім мен мүгедектіктің басты себебі болып табылады, жыл сайын олар 17 миллионнан астам адамның өмірін қияды. Осы себептің  маңыздылығы мен жүрек ауруының алдын-алу рөлін ескере отырып, дүниежүзілік жүрек федерациясы алғаш рет 1999 жылы әлем бойынша  жүрек күнін атап өтуді ұсынды. Аталмыш  акцияны дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО және кардиологиялық қауымдастық қолдады.  

2019 жылы Дүниежүзілік жүрек күні «Өмір үшін жүрек» ұранымен өтуде. Осыған орай  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен қызметкерлеріне жүрек-қан тамырлар жүйесі ауруларының алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру және аккредитациялау бойынша акция өткізілді.
Студенттер мен қызметкерлер  кардиохирург К. Абзалиев, профессор Г. Нургалиева, кардиохирург М. Кужукеев, Г. Касенова сынды жетекші мамандарының білікті кеңестерін алды. Сонымен қатар шара барысында  ҚазҰУ-дың интерндері студенттерге қан қысымын қалай дұрыс өлшеу керектігін үйретті. Ал сертификатталған жаттықтырушылары, реаниматолог дәрігерлер Г. Камалова, Ж. Абдымолдаева және симуляциялық орталықтың жетекшісі Е. Джантлеу өткізген негізгі жүрек-өкпе реанимациясы (БЛС) бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шараның мақсаты - алдын алу шаралары мен жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте белгілері туралы халықтың білімін арттыру. Сонымен қатар халықтың барлық топтарында, әсіресе жастар арасында коронарлық ауру мен инсульттің алдын алу бойынша кешенді шараларды бастау.

www.kaznu.kz