Шығыстану факультетінде тәжік тілі мен мәдениеті орталығы ашылды
|Орталықтың ашылуын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ирантану орталығы мен Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасының Бас консулдығы ұйымдастырды. Орталықтың ресми ашылуына Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасының Бас консулы Баходур Назир, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Т.С.Рамазанов, Біріккен Ұлттар Ұйымы ақпарат департаментінің басшысы Властемил Самик, ҚР СІМ Өкілдігі басшысының орынбасары М.Ә. Нұрмағанбетов, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасының Бас консулдары Е.П.Бобров, А.Д. Фатхуллаев, оқытушылар, студенттер және т.б. қонақтар қатысты.
Іс-шарада шығыстану факультеті ирантану бөлімінің студенттері парсы-тәжік классик-ақындары Рудаки, Фердоуси, Моулави, Омар Хайям, Саади, Хафез өлеңдерін оқыды және кеш соңы студенттердің шағын концертіне ұласты.
Тәжік тілі мен мәдениеті орталығы Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасының Бас консулдығы тарапынан қамтамасыз етілді. Олар Орталыққа тәжік әдебиеті бойынша кітаптар, орта ғасырлардағы парсы-тәжік әдебиеті классик-ақындарының портреттерін сыйға тартты.
Қазақстан- тәжік байланыстарының тамыры тереңнен басталады. Бейбітшілік пен достық біздің халықтарымыздың арасындағы, біздің мәдениеттер арасындағы байланыс үшін дәстүрлі негіз болып табылады. Қазақ және тәжік халықтары ертеден-ақ бір-бірінің рухани мұрасына қызығушылық танытып отырған. Тәжік орталығының ашылуы ирантанудың құрамдас бөлігі ретінде қазақстандық тәжіктанудың дамуына әсерін тигізеді. Тәжіктер Шығыстың ежелгі халықтарының бірі болып табылады және олардың тамаша тілін, бай тарихы мен өзіндік мәдениетін оқып-зерттеу қазақстандық шығыстануға айтарлықтай үлес қосады.