ЖАПОН ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНЕ АРНАЛҒАН КӘСІБИ КУРС
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Асия Нурелова Халықаралық Жапон қоры 2019 жылғы грантының иегері атанды.
2019 жылы маусым-тамыз айларының аралығында Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің оқытушысы Нурелова Асия Мухаметхановна Жапон қорының Урава қаласында орналасқан жапон тілі институтында шетелдегі жапон тілі оқытушыларына арналған жапон тілін оқыту әдістемесі бойынша курсын аяқтады. Аталмыш бағдарламаны Жапон қорының оқытушылары мен үйлестірушілері дайындап өткізді.
24 мемлекеттен келген 36 жапон тілінің оқытушылары жаңартылған бағдарламаның тұңғыш қатысушылары болды. Бағдарламаның басты мақсаты жапон тілінің қазіргі заманғы әдістемесін жан-жақты қарастыру, сонымен қатар, тіл оқудағы қажетті біліктіліктер – оқу, жазу, есту, сөйлеуді дамытуға қажетті әдіс-тәсілдермен таныстыру. Күн сайын оқыту әдістемесін дамытуға бағытталған семинар-тренингтер өткізіліп, әр мемлекеттен келген оқытушы өз еліндегі жапон тілін оқыту әдістемесімен басқа елден келген курс тыңдаушыларын таныстырып отырды. 24 мемлекеттен келген оқытушылар өздері қолданып жүрген оқулықтарын және жұмыс бағдарламаларын талқыға салып, өз елдеріндегі жапон тілін оқытуда кездесетін мәселелермен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.
Қазіргі замандағы әлемдік деңгейде шет тілін оқытудың өзекті мәселелері, оның қиыншылықтары мен ерекшеліктері талқыға салынды. Қатысушылар жапон тілін оқыту әдістемесіне қатысты жобалар дайындап, баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, тіл үйретуде интернет ресурстарын, youtube арналарын, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану мәселесі жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ, әртүрлі мәдени, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар Кабуки театрын тамашалап, жапонның ұлттық киімі – кимононы киіп, Токио қаласының көрікті жерлерін аралап шықты. Бағдарлама соңында қатысушыларға сертификат табысталды.