Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да #Erasmus Days2019 хэштегімен әлемдік ауқымдағы іс-шараны қолдауға арналған «Erasmus Day» өтті.
Эразмус+ – білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт жүйесін жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған Еуропалық Одақтың бағдарламасы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Эразмус+ бағдарламасын жүзеге асыруда тәжірибесі мол. Кездесуге ҚазҰУ-дың Эразмус+ аясындағы барлық жобалары – APPLE, ChildC.A., ENTER, CLASS, EduEnvi, LMPI, DECIDE, ENINEDU, SMART City қатысты. Шараны ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебі және "ENINEDU – Жаңа әлеуметтік орта талаптарына сәйкес жоғары білім беру жүйесі мен корпоративтік сектордың интеграциясын күшейту" жобасы командасының мүшелері ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсету ғана емес, жобаларды жүзеге асыру кезінде кездесетін мәселелер мен қиындықтарды талқылап, әр команданың тәжірибесінен құлағдар болды. Сұрақтар легі аз болған жоқ. Сонымен қатар, қатысушылар жобалардың қоғам деңгейінде де, жеке тұлғаға да әсері жайлы пікірлерін қызығушылықпен ортаға салды.
Жобаны іске асыру барысындағы түйіткілді мәселелер жаңа бағдарламалар мен жаңа технологияларды енгізудегі қиындықтар, команда мүшелерінің жиі ауысуы, стейкхолдерлермен тиімді жұмыс жүргізу, мәресіне жеткен жобалардың тұрақтылығы, шет тілін жетік меңгеруге қатысты екені атап өтілді.
Erasmus Day шарасы ҚазҰУ қабырғасында мұндай форматта тұңғыш рет өткізіліп отырғанына қарамастан, кездесу жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар осындай шараларды тек университет аясындағы жобалар арасында ғана емес, қалалық деңгейде жүйелі түрде өткізу қажеттігіне назар аударды.