Польша университеттерімен әріптестік
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінде интернационализация және коммерциализация бойынша проректор Мехмет Арсланның қатысуымен Польшаның оннан астам жетекші университетімен кездесу өтті. Польша тарапынан әріптестікті кеңейтуге бағытталған шараға ұйытқы болған – NAWA Академиялық алмасу ұлттық агенттігі.
Кездесу барысында NAWA-ның бас маманы Анджей Стужински агенттік тарапынан ұсынылатын бірқатар халықаралық жобалар, зерттеушілерге арналған гранттар мен шәкіртақылар туралы ақпаратпен бөлісіп, Польшадағы жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Варшава, Краков, Люблин, Вроцлав қалаларында орналасқан жоғары оқу орындарының өкілдері өз университеттеріндегі ағылшын тіліндегі бағдарламалар туралы ақпарат беріп, халықаралық әріптестік байланыс жасауға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, магистранттарға арналған жазғы мектептер ұйымдастыру мен академиялық ұтқырлық мәселелері де талқыланды.