Қазақ әуендері Израйль аспанында асқақтады

22 желтоқсан, 2010

Тәуелсіздік мәні сарылып жеткен қазақ үшін аса құнды. Сондықтан, оны қалай қастерлесек те жарасады. Қазірде Қазақстан өз Тәуелсіздік мерекесін әлемге паш етуде жер жүзінің түкпір-түкпіріне ресми сапарлап қана емес, әр университеттен өнерпаз студенттерді апарып, ұлттық өнерін насихаттау арқылы да көрсетіп келеді. Соның бірі – республикамыздың жетекші білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің Израйльде қойған концерті. Оның мақсаты – қазақтың Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында шетелдіктерге ұлттық өнеріміздің мәуелі мәйегін таныту.

Қазақ өнеріне шетелдіктер кезекті рет тәнті болды. Бір айырмашылығы, бұл жолы оларға біз қонаққа бардық. Желтоқсанның 11-16 жұлдыздары аралығында ҚазҰУ-дың өнерпаз студенттері университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен, бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың бастауымен Израильде іс-сапармен болып қайттық. Басты мақсат: Қазақстан тәуелсіздігі мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараларға қатысу, сонымен қатар ұлттық өнерімізді паш ету. Ол жағынан таңдай қақтырарымызға күмән болмады. Себебі, Галия Есмұханбетованың жетекшілігіндегі «Бақыт» би ансамблі, әнші Мөлдір Бақытжанқызы, қобызшы әрі біздің жетекшіміз Зита Сыбанбаева осыған дейін шет мемлекеттерден жүлдесіз оралған емес. Оған Ерғали Анесовпен бірге мен де домбырашы болып қосылдық.

Әлқисса... Қазақстаннан ұшқан алғашқы күндегі бірінші бағытымыз Украина болды. Өйткені, Израйльге тура баратын бізден ұшақ жоқ. Бес сағатқа жетпес уақытта Киевтің төрінен көріндік. Күн райы біздікіндей, тіпті салқындау ма деп қалдым. Әуежайда үш сағаттай аялдап, ары қарай ұштық. Алдымызда Израиль...

Алматының қысынан бірден Тель-Авивтің жаз маусымына бірден топ ете қалдық. Күн расында, интернеттен қарағандай жылы екен. Қамданған қапы қалмас. Жаздық киімдеріміз чемоданда сақадай сай болатын. Қазақстандық делегацияны елшіліктен күтіп алып, дәл Жереорта теңізінің жағасындағы екі қабатты үйге орналастырды.

Біз келген сенбі күні қатты таң қалғанымыз жергілікті барлық дүкен жабық. Көліктер мен сапырылысқан адамдар да көрінбейді. Жанымыздағы жол бастаушыдан сұрасақ, бұл еврей халқының жұмасы 16:01- ден 17:15-ке дейін демалатын «Шабат» дәстүрі болып шықты. Осы уақыт аралығында әркім өз үйінде дұға қылып немесе кітаптар оқып, бір сөзбен айтқанда демалады екен. Бұл елде жылына кем дегенде екі рет қайталанатын атаулы ерекше күн бар. Ол күндері барлық көлік қозғалысы толықтай бір күнге тоқтайды. Осы кезде ата-аналарымен үйден шыққан бүлдіршіндерге тас жолда әй, бір еркін көсілудің сәті түседі екен.

Екінші әсеріміз, тұрғындар Иерусалим мен Тель-Авив қалалары арасындағы жолдың екі қапталына ағаштарды өз қолдарымен отырғызып шыққан. Бір қызығы өз басым, онда болған алты күннің ішінде біздегідей қымбат Hummer, Lexus көліктерін көрмедім. Себебі, жанармай қымбат. Есепке қай жағынан болмасын жүйрік еврей халқы нарықта есесін жібермейтінін осыдан-ақ байқатты.

Келесі күні Иерусалим қаласындағы Аль-Акса мешітінде, Иса пайғамбардың дұға қылған, жауларынан жасырынған үңгірінде болдық. «Жартас үстіндегі күмбез» деп аталатын жердегі тасты көрудің сәті түсті. Әуеде ешқандай тіреусіз қалқып тұратын тасты ұстағанда кімнің де болса қатты толқитыны рас. Бір айта кетерлігі, мешітке кіре берісте мұздай қаруланған жауынгерлер тұрады. Сенен Құран сүресін, мұсылман екен, емесіңді сұрайды. Мұсылман екенінді дәлелдесең ғана ішке ене аласың. Бұндай сақтықтың болуы, кезінде мешіттің ішіне кіріп жарылыс жасағандар болған екен. Жанымызда Елшіліктің адамы болғандықтан, ондай тексеріске түспедік.

Сол күні кешке Иерусалим қаласында есімі өнер бағалайтын шет мемлекеттерге таныс Ерболат Төлепбайдың сурет көрмесі болды. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен, дала тынысы, сұлулығынан сыр шертетін оның туындылары көрмеге келген қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Кешті ашқан Қазақстанның Израйльдегі елшісі Ғалым Оразбақов екі ел арасындағы мәдениет пен ынтымақтастық дамуының айқын көрінісі осындай рухани байланыстан басталатынын атап өтті.

Ертеңіне Тель-Авив қаласында Қазақстанның тәуелсіздік мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған негізгі іс-шараның легіне біз де қосылдық. Ұлттық өнерімізді айқындайтын би биленіп, күй тартылып, қазақтың әндері шырқалғанда залдағы қонақтардың өзінен-өзі делебесі қозып кеткендей болды. Тіпті, Украинадан келген бір ағамыз Қара теңіздің жағасында өнер көрсетуге арнайы шақырды. Кеш соңы банкетке ұласты. Бұл кеш қазақ өнерінің Израйль аспанында асқақтаған күні болды. Тәуелсіздік мерекемізді ұлықтауға Израйль халқы да ризашылығын білдірді. Оған біз, ҚазҰУ-дың студенттері ат салысқанымызды зор мақтаныш сезіммен айта аламыз. Өйткені, рухани құндылықтар әрқашанда ұлттың мерейін асыратын шара екені ақиқат.

P.S. Сапар соңында көзі қарақты израйльдіктер мен Елшіліктегі отандастарымыз Қазақстан халқына, өнерлі студенттерін жіберіп отырған ҚазҰУ-дың басшылығына, ректор Ғалымқайыр Мұтанұлына үлкен алғысын айтып, дұғай-дұғай сәлемін жеткізіп қала берді. Ал біз шетелге шығуға мүмкіндік жасаған ағаларымызға шексіз алғысымызды білдіре отырып, аңғарымыз ауған туған жерімізге масаттан аттанып кеттік.

Асқарбек ҚАЗАНҒАП,

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті

Алматы-Тель-Авив-Иерусалим-Алматы