ҚазҰУ ғалымдары референдумды қолдайды

27 желтоқсан, 2010

Жүзеге асып жатқан бағдарламаларды аяғына дейін жеткізу үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту керек. 27 желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі бірауыздан осындай шешім қабылдады. Сонымен қатар, шығысқазақстандықтардың бастамасын қолдаған ҚазҰУ ғалымдары ғылыми кеңесте қол жинау үшін жұмыс істейтін арнайы комиссия құрды.

Бүгінде Елбасының өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізуге байланысты мәселені қоғам қызу талқылап жатыр. ҚР Бас прокуратурасы жиналыс пен бастамашылық топты құру шаралары «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң талаптарына толықтай сәйкес келеді» десе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов «Референдумды ұйымдастыруға кететін шығын президенттік сайлауды өткізуге кететін шығыннан әлдеқайда төмен» болатынын айтты.

Бұған өз кезегінде еліміздің жоғары оқу орындарының көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы да үн қатып отыр. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде осы тарихи шараның басы-қасында болған қара шаңырақ профессоры Сұлтан Сартаев «Дәл қазіргі уақытта басталған жұмыстарды аяғына дейін жеткізетін, халықаралық қауымдастық алдындағы беделімізді одан әрі арттыратын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге лидер жоқ. Сондықтан, сіздерді осы бастамаға қосылуға шақырамын» деп ортаға үндеу тастады. ҚазҰУ-дың жастары атынан сөз алған Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Назира Болдурукова студент жастардың бұл бастаманы толық қолдайтынын айта келіп: «Біз ҚазҰУ жастары референдумды өткізуге қол жинауда барлық мүмкіндікті арттырамыз деп сендіреміз» деді. Бұдан кейін сөз алған барлық ғалымдар мен ұстаздар бастамаға жан-жақты дәлелдер келтіре отырып, қолдау білдірді. Соңында Ғылыми кеңес Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін референдум арқылы ұзарту бастамасын бірауыздан қолдап дауыс берді. Сондай-ақ, ҚазҰУ ғалымдары өз арасынан арнайы комиссия құрып, референдумды өткізуге қажетті қол жинауға шешім шығарды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: “Жұмыс тобы біздің сенімімізді ақтайды деген үміттемін”, - деп келер жылдың 6 қаңтарына дейін қол жинайтын комиссия мүшелеріне сәттілік тіледі.

P.S. Бұдан кейін Ғылыми кеңес оқулықтармен, оқу құралдарымен оқу үдерісінің қамтамасыз етілуі және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің әлеуметтік көңіл-күйі» тақырыбындағы сауалнама нәтижелерін талқыға салды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі