ҚазҰУ студенттері жаңа жыл кешін өткізді
«Келді міне, жаңа жыл, Ән салып бір көңіл қыл!» - деп, ҚазҰУ-дың белсенді студенттері 26 желтоқсан күні 2010 жылмен қоштасып, Жаңа жылды қарсы алу кешін атап өтті. Думанды кеш белсенділердің бір-біріне даярлаған тосын сыйларының толассыздығынан қыза түсіп, қонақтарға жоғарғы көңіл-күй сыйлады. Кештің ерекшелігі сонда, әр ұйым өкілдері бұрын-соңды ешкім білмеген, өз өнерлерін ортаға салып, жаңа қырларын құрдастарына аяқ астынан паш етіп, жұртшылықты таңырқатты.
Сондай-ақ, кешке арнайы шақырылған құрметті қонақтар да болды. Тілдерді дамыту және тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Гүлнәр Сәрсенбекова өзінің студент серіктестерінің осы жылда атқарған жұмыстарына басшылық атынан алғыс білдіріп, баршаларын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Қадірлі меймандардың қатарында сондай-ақ, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы бастығының орынбасары Шыңғыс Бескемпіров және қазіргі белсенділерге үлгі болып, бас-қасында жүріп, өз тәжірибелерімен бөліскен университет түлектері де болды. Барлық қатысушылар жайылған ақ дастарханның басына отырып, бір-біріне деген Жаңа жылдық лебіздерін білдіріп, биылғы бітіруші белсенділерге ерекше тілектерін айтты.
Әсем ән, жоғарғы көңіл күй, шат-шадыман би – мұның барлығы белсенділердің сол күнгі кешінің көрінісі болып есте сақталды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі