КІТАПХАНАДАҒЫ ӨНЕР ТҮНІ

7 қараша, 2019

Жапондық профессор жапон мәдениетінің бір түрі болып табылатын оригамиден ауқымды мастер-класс өткізді.

 

25.10.2019 күні С.Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасында «Кітапханадағы өнер түні» атты іс-шара өткізіліп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қиыр Шығыс кафедрасының атынан шақыртылған профессор Ниномия Такаши қатысты. Жапондық профессор жапон мәдениетінің бір түрі болып табылатын оригамиден ауқымды мастер-класс өткізді. Бұл шараға Жапониядағы Цукуба университеті мен Осака университетінде білім алған қазақ студенттерімен қатар Қазақ ұлттық университетінде орыс тілін үйреніп жүрген жапондық студенттер де белсене қатысып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ат салысты. Мастер-класта қазақ балалары Хирошимадағы атом жарылысынан кейін бейбітшілік символына айналған «ақ тырнаны» және самурайдың бас киімі «кабутоны» өз қолдарымен жасап, қуаныш сезіміне бөленді. Қызығушылық білдірген балалар саны шамамен 200-ден астам болды. Сонымен қатар, бұл күні жапон студенттері де Өнер түні қонақтарымен өздері үйреніп жүрген орыс тілінде тілдесіп, тәжірибе жүзінде білімдерін ұштау мүмкіндігіне ие болды.