"Егемен Қазақстан" - ел шежіресі

13 қараша, 2019

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биыл жүз жылдық мерейтойын мерекелеп жатқан еліміздегі ең байырғы, басты басылымы «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің апталығы ұйымдастырылды. Журналистика факультетінде ашылған «Egemen Qazaqstan» газетінің оқу-шығармашылық зертханасының тұсаукесер рәсіміне арнайы келген «Egemen Qazaqstan» газетінің АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бастаған редакция ұжымын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов,  журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек қарсы алды.

«Egemen Qazaqstan» газеті редакциясының шығармашылық ұжымын құрайтын белгілі журналистер, еліміздегі ең ірі, іргелі оқу ошағындағы қазақ сөз өнерінің киелі  ұстаханасы саналатын, биыл өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өткен журналистика факультетінің бұрынғы түлектері – «Egemen Qazaqstan» газетінің АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Алматы бөлімшесінің жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек, белгілі журналистер Талғат Сүйінбай, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Сапарбай Парманқұлов, Гүлбаршын Сабаева, Ғалым Сүлеймен, Арман Октябрь ҚазҰУ кампусына экскурсия жасап, ел тарихындағы талай тұғырлы тұлғаларды түлеткен білім ордасының соңғы жылдардағы жетістіктерімен танысты. Отыз мыңға тарта студент білім алатын еліміздегі ең іргелі университеттің техникалық базасы, соңғы үлгідегі сандық технологияларымен жабдықталған. Осының нәтижесінде былтыр Times Higher Education (THE) Британдық агенттігінің рейтингі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында бірінші болып әлемнің үздік университеттерінің 801-1000 тобына енді. 

Журналистика факультетінде салтанатты түрде лентасы қиылған «Egemen Qazaqstan» оқу-шығармашылық аудиторияда алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл және газеттің мерейтойына орайластырылған «Egemen Qazaqstan» – Қазақ елінің жүз жылдық жылнамасы» атты алқасөз шеберлік сағаты жалғасты. Заманауи үлгіде жабдықталған аудитория тәлімгерлерді қазақ баспасөзінің тұтас дәуірін қамтитын байырғы басылымның жүз жылдық жылнамасымен таныстырады. Бұл аудитория жүз жылдық ел тарихын, жылнамасын жасаған қазақтың бас басылымының ғасырлық мерейтойына университет ұжымының салиқалы тартуы.

– Бір ғасырды артқа тастаған басылымның тарихы да, тағдыры да қай заманда да елімізбен бірге біте қайнасып жатты. Ескі қоғам мен жаңа қоғамның өтпелі кезеңінде, отырықтандыру ойранын да, колхоздастыру кесірін де, кәмпескелеу кесапатын да, аштық азабын да, репрессия тозағын да ұлтымен бірге көрді, ол қуанса бірге қуанды, ол күйзелсе бірге күйзелді. Газет қандай да бір идеологияның жаршысы болғанымен емес, халқына қалай қызмет еткенімен бағалануы керек. «Egemen Qazaqstan» қай кезде де халқының өркендеуіне, материалдық әл-ауқатының артуына, мәдени әлеуетінің көтерілуіне барынша қызмет етті. Егер қазақ тілі ұлт тілі ретінде сақталып қалса, ол осы газеттің де игі ықпалының арқасы деп түсінемін. Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған сәтінен бастап әр істің басы-қасында болып, оқиғаны дер кезінде халыққа тұрақты түрде сарабдал сараптаудан өткен салиқалы ақпаратымен қамтамасыз етіп келе жатқан газет бүгін де яғни жүз жыл өткеннен кейін де халқына, мемлекетіне қалтқысыз қызмет етуден танбай келеді. Бұл істің жүзеге асуына қашан да еліне шын берілген, ұлтын жүрегімен сүйетін дарынды қайраткер-қаламгерлер, мемлекетшіл тұлғалар жан-тәнімен беріле күш салып келеді. Дархан Қуандықұлы бастаған үлкен ұжымды ғана емес, барша қазақ елін ел газетінің еңселі мерейтойымен құттықтаймын, – деп аяқтады құттықтау сөзін ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Осы аудиторияда журналистика факультетінің ұстаздары әзірлеген «Ұшқыннан бастау алған «Egemen Qazaqstan» атты кітапша көпшілік назарына ұсынылды. Мерейтойлық басылым басшысы Дархан Қыдырәлі университеттің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Дархан Қыдырәлі жоғары деңгейдегі осындай шараны ұйымдастырып отырған университет басшылығына  алғысын білдірді, білім ордасы мен басылым арасындағы шығармашылық байланыстар одан әрі жалғасын табатынына сенім білдірді. Өз кезегінде «Ұшқын» газетінен бастап «Социалистік Қазақстан» басылымында жарық көрген материалдар тізбегі топтастырылған бес томдық «Жүз жылдық жылнама» кітабын университет кітапханасына табыс етті.

 – Келер жылы өтетін Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына университет ауқымды үлесін қосып жатыр. Мұндағы бірегей музейді аралап кеудемізді қуаныш сезімі кернеді. Осынау білім ордасы Түркі әлемінің, Ислам әлемінің ең маңдайалды университеті болғаны бәріміз үшін мәртебе. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ауқымды жобалардың жүзеге асуы бұл университеттің ғана емес, қазақ елінің де бедерлі белесі деп білеміз.  Мұндағы журналистика факультеті біздің етене араласатын ұжым. Біздің «Егеменнің» ардагерлері, әсіресе бұрынғы аға буын өкілдері, қазіргі жастарымыздың көпшілігі осы факультеттің түлектері. «Egemen Qazaqstan»  қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ұлт баспасөзінің ұстаханасы, кешегі «Қазақ» газетінің жалғасы деп айтуға болады. Басылымда Алаш арыстарынан бастап қазақ руханиятының қаймақтары қызмет атқарды. Олардың осы аудиторияға ілінген суреттерін, тағылымын көріп біздің жаңа буын жас ұрпақ рухтанады, қанаттанады деп есептейміз. Оның үстіне жаңа ашылған зертхана біздің өзара шығармашылық байланысымызды тереңдетеді деп сенеміз», – деді «Egemen Qazaqstan» газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. 

«Қазақ елінің жүз жылдық жылнамасы»  атты конференцияның соңы  шеберлік сағатына ұласты.