«КӨРКЕМ ӨНЕР ТӨРЕСІ» - КАЛЛИГРАФИЯ

20 қараша, 2019

Дәстүрлі қытай жазуының аса маңызды эстетикалық өлшемі – оның каллиграфиясымен байланыстылығы болып табылады. Нағыз шебер туындыға өз жанының, өз шеберлігінің барлық күшін салатындықтан, ежелгі дәуірлердің өзінде-ақ адамдар каллиграфияны «Көркем өнердің төресі» деп атаған. Каллиграфияны көріп білу, оны тану, интеллектуалдық және рухани мәдениеттілікті қажет етеді. Оның шынайы мәнісін көре білу және сезіну маңызды. Иероглифтар тұрмыста қолданылатын лексикада бір мәнге, ал каллиграфияда – неше түрлі философиялық астарлармен ұштасқан терең мәнге ие.

Студенттерге осы қытайдың каллиграфия өнерінің қыр-сырымен таныстыру мақсатында ««Көркем өнер төресі» - каллиграфия» атты іс- шара ұйымдастырылды. Іс-шара қараша айының он бірінші жұлдызында, 423 дәрісханада өтті. Оны ұйымдастыруға қытайтану кафедрасының «Жібек жолы» үйірмесі мен кафедра оқытушылары атсалысты. Шара барысында студенттер каллиграфия жазу ережелерімен, жазу техникасымен, каллиграфия түрлерімен жақын танысып, қылқаламмен классикалық өлеңдерді жазып шықты. Қытай каллиграфиясының көркемдігі, элементтерді жазудағы жұмсақтық, икемділік олардың қызығушылығын арттыра түсті.