ҚазҰУ-да куратор-эдвайзерларға арналған семинар өтті
5-6 қаңтарда ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының басты бағыттары тақырыбында куратор-эдвайзерларға арналған семинар-тренинг өтті.
Семинарға Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ш.Е.Жаманбалаева, Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменттің директоры Г.Ә.Сәрсенбекова, декандардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары және факультеттегі аға куратор-эдвайзерлар қатысты. Мұнда куратор-эдвайзерлардың тәрбие жұмыстарын жоспарлау және ұйымдастыру, куратор-эдвайзерлардың тәрбие жұмыстарындағы заманауи әдістері мен түрлері, куратор-эдвайзерлардың педагогтық имиджі сияқты сұрақтар қаралды. Семинар барысында Жалпы және этникалық педагогика кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен студенттік топта жүргізілетін кураторлық сағаттардың тәжірибелік тренингі болды.
Семинар қатысушылары сонымен қатар проректор Ш.Е.Жаманбалаева ұсынған ұлттық зерттеу университеті құрылымындағы тәрбие жұмыстарының үлгісі жобасын талқылады.
Семинар-тренингтің соңында куратор-эдвайзерларға сертификаттар табыс етілді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі