Познаньдағы жылы жүзді кездеcулер
Үстіміздегі жылдың шілде айының орта тұсында кафедра оқытушылары Польша Республикасының Познань қаласында болды. Олар Еуропаның белді жоғары оқу орындарының бірі Адам Мицкевич атындағы университеттің құрылғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысты. Делегацияны университеттің проректоры, саясаттану ғылымының докторы, профессор Тадекуш Валлас қабылдады. Саяси ғылымдар және журналистика факультетінде студенттермен және оқытушылармен кездесулер болды. Біз факультет деканы, саясаттану ғылымының докторы, профессор Анджей Стельмахпен сөйлескен едік:
-Біздің факультетте жоғары білімнің бірінші, екінші және үшінші сатыларында 4 мың студент білім алуда. Біз оларды саясаттану, халықаралық қатынастар, журналистика, қоғамдық байланыстар жүйесіндегі ақпарат пен коммуникация, ұлттық қауіпсіздік маманданулары бойынша даярлаймыз. 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейді. Сондай-ақ университетіміздің өзге факульттетерінен, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ұстаздарды және кәсіптік орта өкілдерін шақырамыз. Факультетіміз қазіргі үлгімен салынған жаңа да кең ғимаратта орналасқан. Өзіміздің теле- радиостудиямыз, ақпарттану кабинетіміз, кітапханамыз бен оқытуға қажетті нәрсенің бәрімен жабдықталған аудиторияларымыз бар. Оқырмандар www.wnpid.amu.edu.pl сайтына кіріп, факультетіміздің бет-бейнесін тамашалай алады.
Шарипа Нұржанова,
Абай Садуақас