Тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлымен кездесу өтті.
Кездесу барысында тарих, археология және этнология факультетінің 1986 жылғы түлегі М.Бақтиярұлы қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, өзіндік ұсыныстары мен пікірлерімен бөлісті.
Жаһандық ғаламда «адам капиталы» расымен өзекті мәселе, әрі мемлекет үшін аса маңызды ресурс болып табылатыны сөзсіз. Мемлекет жастарының білімді әрі саналы болуы – ел ертеңінің бұлтартпас кең көкжиегі іспеттес. Мұрат Бақтиярұлы өз сөзінде: «Адам капиталын тәрбиелейтін – мұғалімдер, демек білімді жас буынның сапалы білімі білікті мұғалімдер мен ғалым-оқытушыларға тікелей байланысты. Сондықтан қоғамдық өмірдегі «Мұғалімдердің мәртебесін көтеру» мәселесі бүгінде басшылық тарапынан жіті қадағаланып, сұрыпталып отыр» – деді төраға.
Кездесудің нәтижесінде М.Бақтиярұлы басқару аппаратының басты қызметтерімен, Сенат басқару тетігінің негізгі міндетін, қоғамдағы түйінді мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға шолу жасап, басты дамудың негізі «адам капиталының» прогрессивті түрде ілгері дамуы болып саналатындығын, ал оған бастар кемел жол – білімде екенін жастарға насихат ретінде айтты. Сондай-ақ шара соңында Қазақ хандары туралы зерттеулер кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.