Әл-Фараби мұрасына арналған cекция Пәкістанда ашылды

4 желтоқсан, 2019

Исламабадтағы COMSATS университетінің кітапханасында «Әл-Фараби секциясы» ашылды.  Бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Оңтүстікте (COMSATS) тұрақты даму мақсатында ғылым және технологиялар жөніндегі комиссияның арасындағы келісім аясында өтті.

Пәкістанда Әбу Насыр әл-Фарабидің ілімі мен философиясын алға жылжыту бойынша алдағы жұмыс жоспарын әзірлеу мақсатында және Оңтүстік COMSATS ірі халықаралық ұйымына мүше елдерге ресми сапармен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не COMSATS университетінің кітапхана меңгерушісі Хафиз Абдур Рехман келді.

Хафиз Абдур Рехманның университетіміздің интернационализация және коммерциализация жөніндегі проректоры Мехмет Арсланмен ресми кездесу барысында шет елдерде мамандандырылған орталықтар құру арқылы әл-Фараби мұрасын халықаралық деңгейде танымал ету туралы ақпарат берілді.

Хафиз Абдур Рехман  мен ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Т. С. Рамазановпен кездесуі барысында ҚазҰУ-дың атынан COMSATS университеті кітапханасының топтамасын толықтыру үшін ұлы ойшылдың трактаттарын зерттеуге арналған еңбектері сыйға тартылды.

Сонымен қатар, COMSATS университетінің кітапхана меңгерушісі әл-Фараби орталығын, Әл-Фараби мұражайының, ҚазҰУ-нің ғылыми кітапханасының қызметімен танысып,  философия және саясаттану факультетінің, шығыстану факультетінің басшылығы мен профессор-оқыушылар құрамымен кездесті.

Пәкістанда әл-Фараби секциясының ашылуы Шығыстың ұлы ойшылының мұрасын насихаттауда ғана емес, сонымен қатар халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастықты нығайтуда маңызды кезең болып табылады.

27 қатысушы мемлекеттерді біріктіретін COMSATS ұйымына Қазақстан да кіреді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 2015 жылдан бастап COMSATS мүшесі болған ТМД жоғары оқу орындарының алғашқысы және озық тәжірибе орталығы ретінде ұсынылған.

www.kaznu.kz