«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы
Алматыда ҚазҰУ-ды Ұлттық зерттеу университетіне айналдыру мәселесі қаралды
АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Зерттеу университетінің білім беру қызметі» атты ғылыми конференция өтті.
Шара барысында отандық ғалымдар Ұлттық зерттеу университеті дегеніміз не және бұл атаққа лайық болу үшін не істеу керек деген өзекті сауалдарға жауап іздеп, талқылады.
Ғалымдар әлемдік топ-университеттер қатарына енуге бірден бір айқын жол - жоғары оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру керектігін алға тартып, қазақстандық білім және ғылым кеңістігінің әлемдік университеттер рейтингісінен лайықты орын алуы үшін нақты жоспарларды жүзеге асыруды қолға алды.
ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқалы Бүркітбаевтың айтуынша, әлемдегі ең жоғары топ рейтингтерге енген оқу ордаларының бәрі де зерттеу университеттері болып табылады. «Ұлттық зерттеу университетіне айналу ол тек біздің ғана мақсат емес, ол үкіметтің де мақсаты деп айтуға болады. Жақында баспасөз беттерінде ЖОО бағдарламалары жарияланғаны белгілі. Сол бағдарламада зерттеу университетінің түсінігі толық жазылған. Сонымен біз ҚазҰУ-дың Ұлттық зерттеу университетіне айналу бағдарламасын құрып жатырмыз», - дейді проректор.
Сондай-ақ Томск мемлекеттік университетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры Александр Ревушкин Ұлттық зерттеу университеті үнемі талантты студенттермен толығып отыратындығымен ғана маңызды екендігін айтып, зерттеу университеті атағын алған бір жыл уақыт ішіндегі жаңалықтар мен өзгерістерін атап өтті.
Конференцияда сонымен қатар, алдыңғы қатарлы шетелдік зерттеу университетінің тәжірибесі, зерттеу университетінде магистранттарды дайындау, ғылыми жұмыстар, білім сапасы, оқытудың әдіс-тәсілі сияқты басқа да тақырып төңірегінде сұрақтар қаралды. Нәтижесінде ғылыми жиынның қатысушылары ҚазҰУ-дың жоғары әлеуеті мен кампусын ескеретін болсақ, бұл білім ордасы Ұлттық зерттеу университетіне айналуы өте нәтижелі болмақ деген пайымға келді.