Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы және шет елдердің жоғары оқу орындарының студенттері арасында 26 қараша мен 6 желтоқсан аралығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері» атты студенттік пәндік оn-line олимпиадасы өтті. ҚазҰУ бұл шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен мен «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырды.
ҚазҰУ университетінің заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының ұйымдастырған халықаралық олимпиадаға жоғары оқу орындарының 149 студенті қатысты. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері» атты студенттік пәндік оn-line олимпиаданы өткізу талаптары ақпараттық хаттарда еліміздің және шет мемлекеттердің ЖОО-дарына жіберілген болатын.
Олимпиада нәтижелерін тексеру үшін құрылған арнайы конкурстық комиссия www.online.test.kaznu.kz платформада тіркелген қатысушылардың ұсынған «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізі ретінде парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру және дамыту» тақырыбына жасалған ғылыми жобалардың бейнероликтерін бағалады. Қазылар алқасы жобаның ғылыми жаңалығын, ерекшелігі мен креативтілігін, тәжірибелік маңыздылығын және нысаны мен сапасына басты назар алды.
Халықаралық құқықтық олимпиаданың қорытындысы ҚазҰУ-дың заң факультетінде өтті. Жиналған балдардың қорытындысы бойынша
І дәрежелі диплом ҚазҰУ студенті Бержан Алматқа берілді. ІІ дәрежелі дипломмен – Т.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Абдурахман Батухан және Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің студенті Орақбаев Ерполат марапатталды. Ал ІІІ дәрежелі диплом – Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің студенті Айгүл Досназарова, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенті Мерей Мырзашова және академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенті Төлеу Исламға берілді.
«Жемқорлықты дамыған мемлекеттердің өздері толықтай жеңе алмай келеді. Бірақ соның өзінде бұл қатермен барлығымыз бірлесіп оны азайтуымыз керек, жемқорлықпен күрес тоқтамайды. Ол үшін ең алдымен өздеріңіз өзгерулеріңіз керек, жемқорлық алыстан келіп жатқан дерт емес, өз ішімізден шығып жатыр. Біріншіден адам өз санасын, рухани құндылықтарын түзету керек. Осындай 150 студент қатысқан халықаралық олимпиаданы ұйымдастырып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және оған қатысушы студенттерге ризашылығымызды білдіреміз. Сіздер шараларға қатыса отырып жемқорлыққа қарсы күреске аздаған болса да үлестеріңізді қостыңыздар», – деді олимпиадаға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Алматы қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Елнар Игіліков.