«Ұлы Дала аманаты» жас тарихшылар байқауы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білімге деген талпыныс, ғылымға бағытталған ізденіс аясында іс-шаралардың, ғылыми байқаулардың легі толастамақ емес.
Бұл тізімді желтоқсан айының 12- жұлдызында Әл-Фараби атындағы кітапханасында тарих, археология және этнология факультетінің ұйымдастыруымен «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы және «U38» университеттер альянсі өлкетанушылар мен этнографтар клубының қолдауымен «Ұлы дала аманаты» тақырыбындағы жас тарихшылар байқауының қорытынды кезеңі толықтырды. Байқаудың басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашу, интеллектуалдық потенциалын қалыптастыруға жағдай жасау, ғылыммен айналысуға қызығушылығын дамыту, жас ғалымдарды заманауи мәселелерді шешуге қатыстыру, дарынды және талантты жастарды таңдау әрі оларға қолдау көрсету болатын.
2019 жылдың маусым айынан бастау алған жас тарихшылар байқауының бірінші кезеңінде республиканың әр аймақтарынан 200 ден астам қатысушы өз жұмыстарын ұсынды, ғылыми талаптар негізінде осы жұмыстардың 100-і келесі кезеңге жолдама алып, әрбір қатысушыға ғылыми жоба дайындау тапсырылды. Жобалардың ғылыми маңызын, тарихи жаңалығын, құрылымына баға беру нәтижесінде байқауымыздың қорытынды кезеңі өз мәресіне жетті. Жүлделі бірінші орынды тарих, археология және этнология факультетінің студенті Башембаев Сарсен иеленсе, екінші орын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Сақтаған Гүлсезім, үшінші орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс докторанты Игорь Крупко иеленді. Байқау жеңімпаздары 100,75, 50 мың теңге көлеміндегі сыйақылармен марапатталды.
«Ұлы дала аманаты» – бүгініміз бен ертеңімізді болжай келе, бабаларымыз сыйға тартқан жердің сан ғасырлық жүйесін сақтай отырып, жаңа заман идеологиясына бағытталған жаңғыруды жолға қоюдың сапалық бағыты болуы тиіс. Осы негізде қоғамның құнды капиталы, ел іргесінің басты тірегі білімге бет бұрған жастарымызды қолдау, олардың рухани дүниесін толықтыруды жолға қою басты міндетіміз. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» – дегенді алға тартсақ, әр күніміз, әрекетіміз – тарихқа таңба болар тұста, қазақтың дархан даласының аманатын әр ұрпақ арқалап жүргенімізді естен шығармайық.