Ислам әлемінің ең үздік жоғары оқу орны болып танылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Сауд Арабиясының жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікті кеңейтіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашуда. Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласына сапары барысында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Сауд Арабиясының Білім министрі доктор Хамад бин Мұхаммад Әл аш-Шейхпен және Король Сауд университетінің ректоры Бадран әл-Омармен кездесіп, екі елдің ғылым-білім саласында ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады.
Кездесу барысында академик Ғ.М. Мұтанов ҚазҰУ-дың жетістіктері мен қызметі, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына елімізде жоспарланып отырған ауқымды шаралар туралы айтып берді. Сауд Арабиясы тарапы ҚазҰУ аумағында әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық платформасын құру жобасына, сондай-ақ БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірге «Университет 4.0» моделі аясында іске асырылатын «Жібек жолы университеттерінің Альянсы» Халықаралық IT-кластерін құруға үлкен назар аударды. Кездесуде екі тарап IT, ғарыштық және нано технологиялар саласындағы бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың жетістіктерін атап өтіп, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне назар аударды. Оның пікірінше, Сауд Арабиясы ғылыми-білім беру саласындағы өзінің зор әлеуетін пайдалана отырып, қазақстандық жастарға дінтану ғана емес, сонымен қатар басқа да бағыттар бойынша терең білім алуға мүмкіндік бере алады.
Сауд Арабиясының Білім министрі өз кезегінде ел Үкіметінің экономикалық және қоғамдық өмірін модернизациялауға бағытталған «Сауд Арабиясы 2030 стратегиялық бағдарламасы» аясында білім беру және ғылым жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Ол Қазақстанмен ғылым-білім саласында ынтымақтастық жасауға дайын екендігін жеткізіп, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын өткізуге үлес қосатындықтарын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-білім беру әріптестігін және екіжақты қарым-қатынастарды нығайту туралы келісімге келді.
Сауд Арабиясында білім алғысы келетін қазақстандық жастарға САК тарапынан 163 грант бөлінді, оның басым бөлігі қажетті мамандарды магистратура және докторантурада дайындауға бағытталмақ. Сондай-ақ Қазақстан жастарын Сауд Арабиясына оқуға қабылдаудың талаптары қайта қаралды. Жастар Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің ұсынысы негізінде қазақстандық жетекші білім ордаларымен келісімнен кейін ғана жолдамаға қол жеткізе алады.