Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт алаңдарында қаңтардың 6-ы күні басталған биылғы Спартакиаданың спорттық ойындарына университетте қызмет істейтін 500-ден астам адам қатысуда.
Жыл сайын жаңа жылдың алғашқы апталарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, «Парасат» кәсіподағы қызметкерлерінің және ҚазҰУ-дың спортклубының ұйымдастыруымен, оқытушы-профессорлар құрамының, қызметкерлердің және докторанттардың денсаулықтарын шынықтыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Денсаулық» спартакиадасы өтуде. Университет ішіндегі спорт жарыстары еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орнында биыл 48-ші рет өткізіліп отыр. Тек университеттің оқытушылары, докторанттары мен қызметкерлері қатысатын «Денсаулық» спартакиадасы ең алғаш, ол кезде С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің қала ортасындағы ескі оқу корпусында, 1972 жылы өткізіліп, содан бері үзілген емес.
Спартакиаданы ұйымдастыру спорт түрлеріне қарай тікелей судьялар коллегиясына жүктелді. Спартакиадаға қатысушылар негізінен бірнеше жыл қатарынан сайысқа түсіп жүрген тісқақты спортшылар. Олар жеңіске жетер жолдың өте қиын болатынын біледі, сондықтан спорттық формасын жоғалтпау үшін спартакиадаға ұдайы дайындалады. Биыл да жылдағыдай командалар көп жиналды. Волейболдан ерлер және әйелдер – 14 командаданы жасақтады (барлығы 120 ойыншы), үстел теннисі, бадминтон, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарының әрқайсысына 50-60 ойыншыдан қатысты. 90 адам мини-футболдан қызу тартысқа түсті. Осылайша ҚазҰУ шаңырағы астында еңбек етіп етіп жатқан оқытушы, қызметкерлер жылдамдық, ептілік, ой ұшқырлығы жағынан күш сынасып, араларынан озық шыққандар жарыстың жеңімпазы атанды.
Университет бойынша өткен спартакиаданың жеңімпаздары «Парасат» кәсіподағы мен ҚазҰУ спортклубының кубоктарымен, дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жас ғалымдар үйінде үстел теннисінен өткен жарыста I-орынды филологии және әлем тілдері факультеті жеңіп алса, II орынды халықаралық қатынастар факультеті иемденіп, III-орынға университеттің әскери кафедрасы ие болды. Үстел теннисі жарысында жақсы ойын көрсеткен филология және әлем тілдері факультетінің оқытушысы Шерзод Баратов, философия және саясаттану факультетіндегі жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Алла Ким үздік ойыншы деп танылды.
Мини-футболдан үздік қақпашы номинациясы бойынша тарих факультетінің археология және этнология кафедрасының PhD докторы Абдрахим Мирасқа ерекшеленді. «Үздік қорғаушы» атағына Ақпараттық технологиялар және даму институты директорының міндетін атқарушы Ерлан Қыстаубаев, «Үздік шабуылдаушы» болып заң факультетінің аға оқытушысы Умбетов Мадияр танылды. Тоғызқұмалақтан өткен сайыстарда филология және әлем тілдері факультетінің оқытушысы Шерзод Баратов және әскери кафедраның оқытушысы Айнұр Жакапбаева жеңімпаз атанды.
Қысқы спартакиаданың келесі жарыстарында командалар шахмат пен мини-футболдан бақ сынасады.