Ортақ мақсат – инновациялық даму

13 қаңтар, 2020

Жидда қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) штаб-пәтерінде Сауд Арабиясы Корольдігіндегі ҚР Елшісі Берік Арын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары Ахмед Сеньомомен, сонымен бірге ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукатпен бас қосты. Кездесуде әріптестікті дамыту, сондай-ақ білім беру, ғылым және технология салаларында Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстан астанасында 2017 жылы ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті, онда Тұңғыш Президент Н. Назарбаев ИЫҰ-15 диалог платформасын құру идеясын ұсынды. Ол ғылыми-техникалық прогресті жаңғырту және одан әрі дамыту, ислам әлеміндегі маңызды экономикалық мәселелерді шешу мақсатында 15 жетекші мұсылман елін біріктіреді.

Қазақстандық делегацияны құрметпен қарсы алып, А. Сеньомо ислам әлемінің жетекші университеті ҚазҰУ былтыр Алматыда сәтті өткізілген маңызды оқиға - Елбасы Н. Назарбаевтың «ИЫҰ-15 диалог платформасы» бастамасын іске асыру жөніндегі алғашқы отырысының бірлескен ұйымдастырушыларының бірі болғанын атап өтті. Бас хатшының орынбасары ИЫҰ-дың ғылым мен технологияларды дамыту бойынша серіктес және базалық университет болып табылатын ҚазҰУ мұсылман елдерінде ғылымды, техника мен инновацияларды дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді еңсеру жолдарын іздестіру, сондай-ақ ғылыми интеграция сұрақтарды шешуге бағытталған Қазақстан Тұңғыш Президентінің бастамасын ілгерілету бойынша өз миссиясын тиімді жүзеге асыруда екендігін жеткізді.

ИЫҰ өкілдері жаңа буын ЖОО үлгісі - Әл-Фарабидің қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру идеялары негізінде ҚазҰУ-да әзірленіп, БҰҰ штаб-пәтерінде таныстырылған «Университет 4.0» моделіне үлкен қызығушылық танытты. Кездесу барысында ғылым және инновация салаларында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, соның ішінде ҚазҰУ-да «Жібек жолы университеттерінің Альянсы» халықаралық IT-кластері мен әлем университеттерінің жаңа технологиялар саласындағы платформасы болатын заманауи әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру мәселелері талқыланды.

Қазақстандық жетекші университеттің ректоры академик Ғалым Мұтанов халықаралық көлемде жоспарланып отырған өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар туралы хабардар етіп, ИЫҰ басшылығын өткізілетін мерейтойлық шараларға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде академик Т.И. Есполов ҚазҰАУ қызметі мен жетістіктері, ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулері, азық-түлік қауіпсіздігі мен су ресурстарының тапшылығы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Ол азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының қызметі аясында ИЫҰ-мен ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

Ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукат конструктивті ұсыныстар үшін алғысын білдіріп, білім ордаларының ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетінінің жоғары деңгейін атап өтті. ҚазҰУ-дың озық тәжірибесін ескере отырып, ислам әлемінің жоғары оқу орындарын халықаралық рейтингтерде ілгерілетуді бірлесіп үйлестіруге ерекше қызығушылық білдірді. Ол ҚазҰУ-ға ИЫҰ қамқорлығындағы Ислам әлемі университеттерінің ғылыми-білім беру ынтымақтастығы желісіне басшылық етуді ұсынды.

Конструктивті диалог Король Абдалла атындағы Ғылыми-технологиялық университетінде де (ҒТУ) жалғасын тапты. Университет ректоры доктор Тони Чан қызмет бағыттары мен жүргізіліп жатқан зерттеулерге толығырақ тоқталып, қазақстандық қонақтарды заманауи жабдықталған әлемдегі үздік ЖОО-ның бірі болып табылатын университеттің оқу базасы мен зертханаларымен таныстырды.

Кездесу барысында тараптар білім, ғылым және инновация салаларындағы екі жақты өзара тиімді серіктестікті дамытуға әзір екендіктерін білдірді. Ректор Т. Чан атап өткендей, Король Абдалла атындағы ҒТУ қазақстандық жетекші ЖОО-мен ынтымақтастықты орнатуға, ғылым мен жаңа технологиялардың басым бағыттары бойынша бірлескен зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім бағдарламаларын дамытуға мүдделі.

ҒТУ-ға сапары барысында қазақстандық делегация осы университетте білім алып жатқан еліміздің студенттерімен кездесті. Қазіргі таңда бұл жоғары оқу орнында магистратура, докторантура және постдокторантура сатысында Қазақстаннан келген жалпы 40-қа жуық білім алушы бар.

 

 

www.kaznu.kz