ҚазҰУ-да екі оқу орталығы құрылатын болады
Ректорат мәжілісінің күн тәртібінде ҚазҰУ-да оқып жүрген студенттердің контингентін құру және түлектерді жұмыспен қамтамасыздандыру мәселелері қарастырылды. Аталмыш тақырыпта Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Гүлнар Балақаева баяндама жасаған болатын.
Оқып жүрген студенттердің контингентін талапкерлерді сапалы іріктеу турынан өткізу, мамандығына баулу және қабылдау комиссиясының жұмысын алдын-алу қызметтері қалыптастырады. 2010 жылдың көрсеткіштері бойынша 3144 талапкер мемлекеттік грантты иеленсе, соның 738-і «Алтын белгілер», 320-дан астам халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары, 87-сі ҚазҰУ грантының иегерлері. Бүгінде ҚазҰУ оқытушыларының іріктеуімен «Әл-Фараби» пәндік олимпиадасында, халықаралық және республикалық байқауларға қатысқан талапкерлердің оқу үлгерімі жоғары көрсеткіштерге ие.
Мәжілісте мектеп оқушыларымен қарым-қатынасты реттеу, факультеттердің ұйымдастыруымен өтетін конференцияларға шақыру, арнайы дайындық курстарын ашу, шетелдік студенттерді дайындау мақсатында ағылшын тілінде арнайы топтар құру, университетке қабылдар алдында қосымша сынақтардан өткізу, т.б. ұсыныстар жасалды.
Түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында ҚазҰУ-да Жұмыс берушілер кеңесі, вакансия жәрмеңкесі, британ түлектерінің клубы жұмыс істейді. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында түлектер арасында сауалнамалар жүргізіліп, тренингтер мен шеберлік дәрістер ұйымдастырылады, 415 компаниялар мен мекемелерде тәжірибелік сынақтан өтуге мүмкіндіктер бар.
Департамент директоры Гүлнар Балақаева аталмыш мәселелерді ескере отырып, ҚазҰУ-да Университетке дейінгі дайындық және қабылдау орталығы мен Мансап және бизнес орталығын құруды ұсынды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі