Фарида Оразақынқызы «Жоғары Оқу Орнының Үздік Оқытушысы» Атанды
2019 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру жөніндегі Республикалық конкурстық комиссиясы отырысының 31.12.2019 күнгі баспасөз хабарламасына сәйкес, 2019 жылы 27 желтоқсанда "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағын беру жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Оған еліміздің 48 жоғары оқу орнынан 200 адам "жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағына ие болды. Конкурсқа республиканың 81 жоғары оқу орнынан 471 үміткер қатысты. Қағидаға сәйкес конкурсқа соңғы 10 жыл бойы жеңімпаз болмаған үміткерлер қатысып, бақтарын сынаған. Сонымен қатар, биылғы жылы оқытушылардың қызметі үміткерлердің жұмысын бағалаудың жаңартылған сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша бағаланған. Оның ішінде ағылшын тілінде оқулықтарды, монографияларды, оқу құралдарын әзірлеу, кәсіби қызметі бойынша шет тілінде жаппай ашық онлайн курстардан өту және т.б. болуы.
Сондай-ақ, жоспарланған барлық жұмыстардың мониторингін қарастыратын үміткерлердің жұмыстарының жылдық жоспар-кестесі бағаланған.
Алғаш рет үміткерлерге қойылған балдар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ақпараттық-талдау орталығының интернет-ресурсында жарияланды және конкурсқа қатысушыларға нәтижелермен танысуға және келіспеген жағдайда өтініш беруге мүмкіндік берілді.
Бұл атақ жоғары оқу орындарының оқытушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілікті арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Бұл байқауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нен 42 оқытушы ұсынылды, соның 19-ы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. Олардың ішінде шығыстану факультетінен ұсынылған, қытайтану кафедрасының меңгерушісі, PhDФарида Оразақынқызы да бар.
Барлық иегерлерді, сонымен қоса, Фарида Оразақынқызын 2019 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атағына ие болуымен құттықтаймыз!