Гавр университетімен қарым-қатынасымыз жемісті болмақ

25 қаңтар, 2011

Биылғы жылдың қаңтарында ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің бір топ профессорлары мен оқытушылары Франциядағы Гавр университетіне іс-сапармен барып келді. Оларды халықаралық қатынастар және ҚР сыртқы саясаты кафедрасының профессоры Құралай Байзақова бастап барған болатын.

Іс-сапардың басты мақсаты – Орталық Азияны шет елге таныстыру, ғылыми баяндамалар жасау, магистратура мен докторантура саласы бойынша Гавр университетінің тәжірибесін пайдалану, аймақтық көші-қон мәселелерін талқылау, оқу құралын шығару үшін материалдарды жинақтау, екі жақты қарым-қатынастарды нығайту болып табылады. Бас қосуда шетелдік студенттерге дәрістер оқылып, Гавр университеті халықаралық қатынастар факультетінің деканы М. Бруно мырзамен ТЕМПУС бағдарламасы аясында байланыс орнату мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екі жақ студенттермен, оқытушы-профессорлармен білім және ғылым саласында тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер жасау керектігін атап өтті.

Гавр университетінде барлығы 8 мың студент оқиды. Университет құрамында нақты ғылымдар және техника, халықаралық қатынастар, филология және гуманитарлы ғылымдар факультеттері, логистиканы зерттеу институты және инженерия мектебі, технология институты қызмет етеді. Сондай-ақ 10 ғылыми лабораториялары мен институттары бар.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі