«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» форумы

20 қаңтар, 2020

Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған «МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» республикалық форумы өтті. Салтанатты марапаттау рәсімде қорытынды жасалды және инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамытуды мақсат етіп, кең көлемді қамтыған жастар форумы байқауларының жеңімпаздары анықталды. 

 

Форум ҚазҰУ қабырғасында 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы республикалық шара аясында «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы өтеді. Жастар жылында форум қоржынына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған – қайырымдылық қағидаларын ілгерілету және үздік шығармашылық туындылар сияқты жаңа байқаулар қосылды.

Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне вице-премьер Б.М. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінде қызмет ететін жастар қатысты.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев форум қатысушыларына арнаған сөзінде 2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы бастамасымен Жастар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Бұл еліміздің маңызды әрі белсенді бөлігі, зияткерлік және шығармашылық әлеуеттің иесі жас ұрпаққа деген мемлекеттің зор әрі ерекше қамқорлығының көрінісі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантына ие болды. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарияланады. Форум соңында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарламаға ұласты.